![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/4-11-1024x576.jpg)
АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптада елге әкелінетін болат пен алюминийге қорғаныс бажын енгізетінін мәлімдеді. Сондай-ақ АҚШ тауарларына салық салған елдерден келетін импортқа қарымта баж енгізуді жоспарлап отыр. Мұндай қадам компаниялардың шығынын көбейтіп жіберуі мүмкін.
Дональд Трамп 10 ақпанда АҚШ-қа импортталатын болат пен алюминийге 25% мөлшерінде баж салығын енгізу туралы шешімін жариялайтынын айтты. Бұл туралы ол 9 ақпан күні кешке Флоридадан Жаңа Орлеанға ұшып бара жатқанда журналистерге хабарлаған деп жазды Reuters.
Президент 11-12 ақпанда АҚШ тауарларына салық салған елдерден келетін тауарларға да қарымта баж енгізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай баждар бірден күшіне енеді.
«Егер олар біздің тауарларға салған салықты алып тастаса, біз де сондай қадамға барамыз», – деді Трамп.
Металдарға салынатын салық кімдерге әсер етеді?
АҚШ-қа болат жеткізетін негізгі елдер – Канада, Бразилия және Мексика. Одан кейінгі орында Оңтүстік Корея мен Вьетнам тұр. Ал АҚШ-қа әкелінетін алюминийдің шамамен 80%-ы Канададан келеді. Мексика – алюминий қалдығы мен қорытпаларының негізгі жеткізушісі.
Трамп алғашқы мерзімінде болатқа 25%, алюминийге 10% баж салығын енгізген еді. Кейіннен Канада, Мексика, Бразилия секілді кейбір сауда серіктестерін бұл салықтан босатты. Одан кейінгі президент Джо Байден Ұлыбритания, Еуроодақ және Жапониямен бажсыз квоталар туралы келісімге қол жеткізді. Алайда Reuters Трамптың қазіргі мәлімдемесі бұған дейінгі келісімдер мен квоталарға да әсер етуі мүмкін екенін ескертті.
Металл импортына салынатын бажды АҚШ-тағы ірі кәсіподақтар мен кейбір болат және алюминий өндірушілері қолдағанымен, бұл шаралар бизнестің шығынын көбейтуі мүмкін, деп жазды Financial Times.
2023 жылы АҚШ 82,1 млрд доллар көлемінде болат пен темір кенін және 27,4 млрд долларға алюминий импорттаған. Ал экспорт көлемі тиісінше 43,3 млрд долларды және 14,3 млрд долларды құраған.
Трамптың мәлімдесін нарық қалай қабылдады?
Bloomberg мәліметінше, Азиядағы металл нарығы Трамптың мәлімдемесіне әлсіз реакция білдірді. Сингапурда темір кенінің бағасы (болат өндірісіндегі негізгі компонент) 0,1%-ға өсті. Лондон металл биржасында үш айлық алюминий фьючерстері аздап қымбаттады. Ал АҚШ-тағы Comex биржасындағы алюминий фьючерстері 0,5%-ға көтерілгенімен, сауда көлемі өте төмен болды.
«Трамп президенттікке келген алғашқы апталардан-ақ оның тарифтік саясатын алдын ала болжау қиын екенін аңғардық. Демек, тиісті саясат толық қалыптасып, белсенді түрде іске асқанша нақты қорытынды жасауға асықпау қажет», – деді Navigate Commodities компаниясының басқарушы директоры Атилла Уиднелл. Дүниежүзілік сауда ұйымының мәліметінше, АҚШ-тағы импорттық баждардың орташа мөлшері 2,2%-ға тең. Бұл көрсеткіш Үндістанда – 12%, Бразилияда – 6,7%, Вьетнамда – 5,1%, Еуроод