Қытайдағы тұтынушылық инфляция өсе бастады

Жарияланды
Қытайдағы тұтынушылық инфляция өсті/Фото: kursiv.media архивінен

Қытайдағы тұтынушылық бағалар индексі қаңтар айының қорытындысы бойынша 2024 жылдың тамыз айынан бері алғаш рет жеделдеп, 0,1%-дан (желтоқсан) 0,5%-ға дейін өсті. Бұл туралы жексенбі күні Қытайдың Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Bloomberg агенттігінің сауалнамасына қатысқан экономистердің болжамы 0,4% өсімді құраған еді.

Агенттіктің мәліметінше, бағаның көтерілуі үй шаруашылықтарының Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жылды мерекелеу кезеңіндегі шығындарының артуымен байланысты. Дегенмен, дефляциялық қысым сақталуы мүмкін. Себебі өнеркәсіптік бағалар индексі қатарынан 28-ші ай төмендеп отыр. Қаңтар қорытындысы бойынша көрсеткіш 2,3%-ға төмендеді, бұл желтоқсандағы мәнмен шамалас.

Сарапшылар Қытайдағы дефляцияға алаңдаулы. Өйткені әлемдегі екінші ірі экономика Жапонияның жолын қайталауы ықтимал. Жапония 2001 жылдан 2023 жылдың тамызына дейін бағаның төмендеуімен күрескен болатын. Бұл ел экономикасының тоқырауына әкелген негізгі факторлардың бірі болды. Мұндай жағдай Қытайда да қайталануы мүмкін.

Бейжің бұған дейін дефляцияны (2009 және 2012 жылдары) несие беруді ынталандыру арқылы жеңген еді. Алайда қазіргі уақытта Қытайдың үй шаруашылықтары мен компаниялары несие алуға аса қызығушылық танытып отырған жоқ. Тұрғындардың шығынының азаюы корпоративтік табыстарға кері әсер етіп, инвестициялардың қысқаруына, жалақының төмендеуіне және жұмыссыздықтың өсуіне алып келуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз