Таксистер агрегатор қызметтеріне қалай шағымдана алады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Таксистер агрегатор қызметтеріне қалай шағымдана алады/Фото: shutterstock

Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті такси қызметімен шұғылданып жүрген жүргізушілер интернет-агрегаторлардың қызметіне шағымдана алатынын мәлімдеді. Комитеттегілер Kursiv.Мedia тілшісіне мұндай опция не үшін жасалып отырғанын түсіндірді.

Қандай жағдайда шағымдануға болады

– Қазақстан аумағында такси жүргізушілерін бұғаттаған жағдайда;

– Жүргізушілерге қызмет көрсетуден бас тартқанда:

– Жүргізушілердің балын азайтқан болса; 

Қалай шағымдануға болады

Жоғарыдағы жағдайлардың бірі тіркелсе, zh.tilegen@transport.gov.kz электрондық поштасына шағым жолдау керек. Шағымды толтырудың арнайы үлгісі бар:

1. Такси қызметін ұсынатын агрегатор атауы (Яндекс, inDrive, Aparu);

2. Такси қызметі жүзеге асырылатын қала, өңір атауы;

3. Бұғаттаған уақыт (күн, ай, жыл);

4. Такси қызметі қызмет көрсетуден бас тартқан уақыт (күн, ай, жыл);

5. Баллды азайтқан уақыт (күн, ай, жыл).

Меморган шағымды қалай қарайды

Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті таксомоторлық тасымал саласындағы жағдайға талдау жүргізіліп жатқанын айтады.

«Соңғы уақытта жүргізушілер тарапынан “мені бұғаттап тастады, балымды азайтты» деген шағымдар жиілеп жатқанын көріп отырмыз. Біз өз кезегімізде тасымал қызметіндегі мәселелерді шешу үшін келіп түскен шағымдарға талдау жүргізіп, солардың негізінде ұсынымдар жасаймыз”, – дейді комитеттегілер.

Комитет анализ жағдайды реттеп, қызмет сапасын жетілдіру үшін қандай заңнамалық шаралар қолға алу қажеттігін білу үшін керек екенін қоса кетті.

Биылдан бастап такси қызметі арналған елеулі өзгерістер күшіне енген. Оған сай, 2025 жылғы 1 қаңтардан оң рөлді көліктер такси қызметтерінен өшірілген. Одан бөлек, агрегаторлар енді жүргізушілердің жеке тасымалдаушы ретінде тіркелуін қадағалайды. Тіркелмеген жүргізушілердің басымдығы төмендеп, тапсырыстар берілмеуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз