Илон Маск «Азаттық радиосы» мен Voice America медиакорпорацияларын жабуды ұсынды
![Илон Маск](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/2025-02-04t202628z_1174872428_rc24jbaph6ak_rtrmadp_3_autos-tesla-sales-edited-1024x576.jpg)
Америкалық миллиардер Илон Маск «Азаттық радиосы» мен «Voice America» медиакорпорацияларын «радикалды солшылдар» деп атап, оларды жабуға шақырды.
Масктің пікірінше, бұл ұйымдар америкалық салық төлеушілердің қаражатын босқа жұмсап отыр.
«Бұл жай ғана өзара сөйлесіп отырған радикалды солшыл есалаңдар, олар жылына 1 миллиард доллар салық төлеушілердің ақшасын жұмсап отыр», – деп жазды Маск X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде.
Миллиардердің айтуынша, бұл медиакорпорациялар оқырмандарын жоғалтқан және оларды қаржыландыруды тоқтату керек.
Масктің АҚШ үкіметінде лауазымы қандай?
Кейбір БАҚ Масктың АҚШ үкіметінің тиімділігі департаментін (DOGE) басқаратынын хабарлағанымен, The Guardian газетінің мәліметінше, DOGE – ресми мемлекеттік орган емес.
Алайда оның Ақ үйдің Батыс қанатында және Эйзенхауэр атындағы әкімшілік ғимаратында жеке кеңселері бар, бұл оның саясатқа ықпалы барын аңғартады.
Федералды қызметкерлерге қысым жасап жатыр ма?
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Масктің бұйрығымен 19-25 жас аралығындағы инженерлер мен бағдарламашылар федералды агенттіктердің құпия деректеріне қол жеткізіп, жаппай қысқартулармен қорқытып отыр.
Тіпті Трамптың инаугурациясынан бірнеше күн өткен соң, Маск АҚШ-тың 2 миллион мемлекеттік қызметкеріне хат жолдап, алдағы қысқартуларға дайындалуға шақырған. Ол жұмыстан шығатындарға жеті айлық өтемақы төлеуді ұсынған деген ақпарат бар.