Құмар ойынға кірген адамның да құқы қорғалады – Конституциялық сот

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Конституциялық сот Азаматтық кодекстегі құмар ойындарға қатысты нормадан олқылықтар анықтады / Фото: kursiv.media

Конституциялық сот құмар ойынға қатысты кей нормалардың азаматтардың құқын шектейтінін анықтап, заңға өзгеріс енгізу жөнінде қаулы шығарды.

Бұл қандай норма?

Нақты айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына Азаматтық Кодекстің 914-бабының Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағына және 14-бабының 1-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш түскен.

Ал Азаматтық кодекстің 914-бабына сәйкес егер ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарды және бәс тігуді өткізудің шарттарын сақтаса, онда азаматтар мен заңды тұлғалардың тәуекелге негiзделген ойындар немесе бәс тiгуді ұйымдастыру, өткiзуге немесе оларға қатысуға байланысты талаптары сотта қаралмайды. Бірақ та АК-нің 913-бабында аталған қатынастардан туындайтын талаптар бұған кірмейді.

Өтініш білдіруші осы норманы Конституция ережелеріне қайшы деп тапқан. Бұл норма оның ұтыс сомаларын өндіріп алу туралы талап қоюлары бойынша сот арқылы қорғалу құқығын шектейтінін және ойын бизнесін ұйымдастырушыларға қатысты өзін тең емес жағдайға қоятынын мәлімдеген.

Сот қандай шешімге келді?

Конституциялық сот Азаматтық кодекстің 914-бабында көзделген, құмар ойындар мен бәс тігуден туындайтын міндеттемелер үшін сот арқылы қорғауды алып тастау туралы жалпы ереже анық екенін хабарлайды. Алайда бұл нормаға 2009 жылы толықтырулар енгізілген. Сол кезде біршама құқықтық сипаттағы елеулі олқылықтар жіберілген. Бұл түзетулер кодекстің қолданыстағы редакциясын Конституция талаптарына сай келеді деп баға беруге мүмкіндік бермейтіні анықталған

«Конституциялық Сот жоғарыда баяндалған кемшіліктер АК-нің 914-бабының ережелері қолданыстағы редакцияда заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және салдары болжаулы, заңнамалық нұсқамалардың анық болу және екіұшты болмау талаптарына сәйкес келмейтіндігін айғақтайды деп есептейді. Енгізілген толықтыру АК-нің 914-бабының бастапқы мағынасын өзгерткен», – делінген Конституциялық сот хабарламасында.

Бұл норма қандай қайшылықтар туғызуы мүмкін?

Бұл норма өзінің қарама-қайшылығына байланысты ойын бизнесі субъектілерінің пайдасына заң нормаларын өзінше интерпретациялауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заңды қолдану кезінде жекелеген конституциялық ережелердің, оның ішінде әркімнің
өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығы, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең және кез келген негіздер бойынша кемсітуге тыйым салу туралы конституциялық ережелердің бұзылуына алып келуі мүмкін.

«Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 914-бабының ережесі «ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарын және бәс тігуді өткізудің шарттарын сақтаған кезде» деген сөздер бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын», – делінген сот қауылысында.

Сондай-ақ оқыңыз