«Мемлекеттік сатып алу туралы» заң күшіне енгелі 1 трлн теңгеге келісімшарт жасалған

Жарияланды
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер 1 қаңтардан бастап күшіне енді / Фото: kursiv.media

1 қаңтардан бері «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң күшіне енген. Бұл заң негізінде мемлекеттік сатып алу рәсімі оңтайландырылған. Нәтижесінде биыл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 5 есе көп келісімшарт жасалған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

5 еселік өсім

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, заң күшіне енгеннен кейін жасалған келісімшарттар көлемі 1 трлн теңгеге жеткен.

«Жасалған келісімшарттардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бес есе өсті. Егер өткен жылы шарттар 200 млрд теңге сомасына жасалған болса, биыл 1 трлн теңгеге жуық шарт жасалды», – ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл.

Мұндай нәтижеге қалай жеткен?

Вице-министрдің айтуынша, бес еселенген нәтижеге сатып алу мерзімінің екі айдан 10 күнге қысқаруы негізінде жеткен. Сонымен бірге рейтингтік-балдық жүйе құралы енгізілген.

Министрлік өкілінің айтуынша, бұл жүйенің жемқорлық тәуекелдері аз, адамның қатысуынсыз жүзеге асырылады. Оған сәйкес мердігер мәліметтер базасын пайдалану арқылы анықталады.

Бұдан бөлек, жергілікті мердігерлерді, жергілікті компанияларды қолдау шарасы енгізілген.

«Шартты балл бір балдан екі балға дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда біз оң нәтижелерге қол жеткіздік. Бес жұмыс күні ішінде көптеген салада әлеуметтік маңызы бар нысандар бойынша мердігерлер анықталды. Бұл мердігерлер – жергілікті компаниялар. Нәтижесінде біз мемлекеттік органдарымыздың, тапсырыс берушілеріміздің тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді тезірек сатып алу ісіндегі үлкен ілгерілеушілікке қол жеткізуіне жол аштық. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерімізге үлкен қолдау көрсетіліп жатыр», – деді министрлік өкілі.

Сондай-ақ оқыңыз