Мобильді аударымдары 3 ай қатарынан 1 млн теңгеден асқан адамдардың табысы тексерілуі мүмкін

Жарияланды
мобильді аударымдар
Мобильді аударымдары үш ай қатарынан 1 млн теңгеден асатын адамдардың шоты тексеріледі / Фото: ашық дереккөз; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мобильді аударымдары 3 ай қатарынан 1 млн теңгеден асқан адамдардың табысы тексерілуі мүмкін. Бұл туралы депутаттардың сауалына берген жауабында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтқан.

Жаңа норма нені көздейді?

Жұманғариннің айтуынша, үш ай қатарынан мобильді аударымдары 1 млн теңгеден асатын адамдарды тексеру мәселесі қарастырылып жатыр. Өйткені Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабының 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген жеке кәсіпкерліктен түсетін жылдық табысы қаржы жылының тиісті бюджетінде белгіленген ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асатын болса, жеке кәсіпкер ретінде міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.

«Зерттеу нәтижелері бойынша Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен және банктермен бірлесіп, жаңа критерийлер енгізу туралы шешім қабылданды. Егер үш күнтізбелік ай қатарынан 12 ең төменгі жалақыдан (1 млн теңге) асатын кіріс мобильді аударымдар арқылы алынса, осы критерийлер қолданылады. Қаржы министрлігінің тиісті бұйрығының жобасы қазір Ұлттық банкте қаралып жатыр», – дейді Жұманғарин.

Мобильді аударымдар қандай мақсатта пайдаланылады?

Министр мобильді аударымдар 2017 жылы Қазақстанның екінші деңгейлі банктері жеке тұлғалар үшін комиссия төлемей, тек жеке мақсаттарға пайдалану үшін енгізілгенін айтты. Бірақ 2018 жылдан бастап заңды тұлғалар бұл қызметті кірістерін жасыру үшін пайдаланып, бөлшек саудада белсенді пайдалана бастаған.

Жұманғарин бұлайша төлем қабылдау банк туралы заңды бұзатынын айтады. Негізінен жеке клиент банк шотын ашқан кезде бұл шотты кәсіпкерлік қызметпен айналысу мақсатында немесе нотариалдық, адвокаттық қызметте пайдаланбайтынын мақұлдайды. Сол үшін жеке шоттарға қандай да бір тауар немесе қызмет үшін ақы алу заңсыз болып есептеледі.

«Жеке мақсаттарға арналған мобильді аударымдар арқылы тауарлар немесе қызметтер үшін төлем алатын жеке тұлғалар банк заңнамасының талаптарын бұзады», – дейді Жұманғарин.

Осы орайда министр Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабына сәйкес, заң жүзінде белгіленген салықтарды, алымдарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті екенін ескертеді.

Министрлік мобильді аударымдарды төлем құралы ретінде пайдалану жағдайларының жиілеп кеткеніне байланысты, 2022 жылы мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерлік қызмет белгілері бар аударымдарды тексеру тетігін енгізген. Оған сәйкес кәсiпкерлiк қызметке арналмаған банк шотына түсетін 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар тексеріледі.

Сондай-ақ оқыңыз