Денсаулығы жоқ баласына күтім жасап, үйде отырған әке Конституциялық сотта жеңіске жетті

Жарияланды 10 Ақпан 2025 13:05

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Бала бағып үйде отырған әке құқықтары ана құқықтарымен бірдей болады / фото: shutterstock

Енді бала күтімімен үйде отырған ананың ғана емес, әкенің де зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілі ескеріледі. Конституциялық сот осындай шешім қабылдады.

Бала баққан әке

Қазақстан азаматы Т. Ш. Сағындықов перзенті дүниеге келгеннен кейін, екі айдан соң денсаулығы жоқ баласына күтім жасау үшін жұмыстан шыққан. Себебі баланың анасы да денсаулығына байланысты жаңа туған сәбиге қарауға мүмкіндігі болмаған.

Жылдар өте келе әкенің кезінде үйде бала баққан уақыты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде есепке алынбаған. Бұған қолданыстағы заңнамалар, атап айтқанда Әлеуметтік кодекс ережесі негіз болған.

Әлеуметтік кодекстің 208-бабы 1-тармағы 8-тармақшасында былай деп жазылған:

«Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жұмыс істемейтін ананың жас балаларға күтім жасаған, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт еңбек қызметі деп есепке алынады».

Заң ережесінда ана құқығы ғана көрсетіліп, әке құқығы туралы ештеңе айтылмаған.

Бала бағып отырып қалған әке өз құқығын даулап, былтыр Қазақстан конституциялық сотына шағымданған. Себебі арызданушы заңнамадағы осы ереже Конституцияға қайшы деп есептейді. 2024 жылғы қарашада Конституциялық сот әке арызын қарайтынын хабарлаған.

Тарихта алғаш рет

Қазақстан тарихында алғаш рет сотта қаралған осы мәселеге қатысты шешім 2025 жылғы 7 ақпанда қабылданды.

Істі Конституциялық сот төрайымы Эльвира Әзімова және тоғыз судья қарады. Сот отырысына Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің, Әділет министрлігінің, Бас прокуратураның, Парламенттің өкілдері қатысты.

Судьялар сотқа қатысушыларды тыңдап, іс материалдарын зерделеп, қолданыстағы заңнама ережелеріне талдау жасай отырып, сөз болып отырған заң ережесінің Конституцияға қайшы екенін анықтады.

Осылайша Сағындықовтың ғана емес, Қазақстанда бала күтімімен декретке шыққан барша әкелер қауымының құқығы сотта қорғалды. Нақты жағдай заңнаманы өзгертуге үлгі болады.

Конституциялық сот Әлеуметтік кодекстің 208-бабы 1-тармағы 8-тармақшасын былайша өзгерткен уақытта ата заңға сай келеді деп таныды:

«Жұмыс істемейтін ата-анаға жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жас балаларға тікелей күтімді жүзеге асырған уақыты есепке алынады».

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2024 жылы 672 мыңнан аса адам бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алған, алайда оның ішінде ер азаматтар үлесі 2 мыңға, яғни 0,5 пайызға де жетпейді.

Әкелер де декретке шыға алады. Ол үшін не істеу керегін білмесеңіз, Kursiv.Media материалын оқыңыз.

Сондай-ақ оқыңыз