Теңіздегі мұнай өндірісі тәулігіне 900 мың баррельге дейін жетті – Reuters

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Chevron корпорациясы Теңіз мұнай кенішін кеңейтіп жатыр / фото: REUTERS/Shamil Zhumatov

Chevron корпорациясы Қазақстандағы мұнай Теңіз мұнай кенішін кеңейту жұмыстарын жеделдетті. Бұл туралы Reuters агенттігі екі дереккөздің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Батыл жоспар

Агенттік дереккөздерінің айтуынша, алпауыт корпорация өндірісті әлемдегі мұнай шикізаты көлемінің 1 пайызына жеткізуді жоспарлап отыр. Қаңтар айында Chevron Теңіз кенішін кеңейту жобасының құны 48 млрд доллар тұратынын мәлімдеген. Теңіз – шикізатты өте тереңнен алатын, мұнайының құрамында күкірт көп, табиғи жағдайы аса қолайсыз кеніштердің бірі.

2012 жылдан кеніштегі өндірісті кеңейту жұмыстары басталғалы бері оған көп қаражат бөлініп, осы уақытқа дейін қайта-қайта іркіліп қалып жүрген. Chevron-ның халықаралық барлау және өндіріс жөніндегі бөлімінің басшысы Клэй Нефф өткен айда Reuters-ке Теңізді кеңейту жұмыстарын биыл маусым айында аяқтап, өндіріс қуатын тәулігіне 260 мың баррельге дейін арттырып, ал жалпы мұнай өндірісін шамамен 1 млн баррельге дейін жеткізгісі келетінін айтқан.

Корпорация жоспарларымен жақсы таныс дереккөздің хабарлауынша, Chevron кеніштегі өндірісті кеңейтуді ақпанның аяғында, яғни бастапқы жоспардан төрт ай бұрын аяқтауы мүмкін.

Өндіріс қарқыны және квота

Қазақстан Мұнай экспорттаушы елдер ұйымымен (ОПЕК+) өндірісті шектеу жөніндегі келісіміне сәйкес, тәулігіне 1,468 млн баррель өндіру квотасынан үнемі асып кетіп жүр, деп жазды Reuters.

Соған қарағанда, мұнай кенішін шұғыл түрде кеңейту жұмыстары Қазақстанның ОПЕК+ алдындағы міндеттерін орындауды одан бетер қиындатып жіберетін сыңайлы деп болжайды басылым. Қазақстан биыл мұнай мен газ конденсаты өндірісін 96,2 млн тоннаға дейін (тәулігіне шамамен 2 миллион баррель) арттыруды көздеп отыр. Бұған қоса, Қазақстан энергетика министрлігі өткен аптада ОПЕК+ алдындағы міндеттерді биыл да орындауға, 2024 жылғы мұнай өндірісі лимитінен асып кетуін өтеуге уәде берген.

Reuters-тің мұнай саласындағы жұмыстармен жақсы таныс тағы бір дереккөзінің айтуынша, Теңіздегі мұнай өндірісінің көлемі қазірдің өзінде тәулігіне 900 мың баррельге дейін жеткен. Салыстырып өтсек, былтыр мұнда тәулігіне орташа есеппен 606 мың баррель мұнай өндірілген.

«Соған қарағанда, жоспарды асырып орындап жатқанға ұқсайды», – дейді трейдер.

Chevron корпорациясы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорынының 50% акциясына иелік етеді. Қалғандары: Exxon Mobil – 25%, «ҚазМұнайГаз» – 20% және Лукойл – 5%.

Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің орташа бағасы 60 доллардан төмен түспесе, «Теңізшевройл» мұнай өндірісінен 2025 жылы 4 млрд доллар, 2026 жылы 5 млрд доллар табыс табуды көздеп отыр. Қазір мұнайдың бір баррелі шамамен 75 доллардан сатылып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз