Еуропада күн суытқан сайын газ да қымбаттап барады

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Еуропада газ бағасы күрт көтерілді / фото: shutterstock

Еуропаның солтүстік-батысында күн суытуына байланысты құрлықта газ бағасы көтеріліп, 2023 жылғы ақпандағы рекордтық көрсеткішке жетті. Биржадағы баға отынға сұраныстың артуына байланысты құбылды. Бұл туралы Bloomberg басылымы хабарлайды.

Рекордтық көрсеткіш

10 ақпан, дүйсенбіде газдың наурыздағы фьючерстер бағасы 4,1 пайызға көтеріліп, 1 МВт.c құны 58.75 еуроға дейін жетті. Дәл осындай рекордтық көрсеткіш соңғы рет 2023 жылғы ақпанда тіркелген.

Еуропаның солтүстік-батыс елдерінде жақында күн суиды деп болжанды, соған байланысты отын бағасы да көтеріліп жатыр, деп жазды агенттік. Тұтыну көрсеткіші артқан сайын онсыз да қоймалардағы толық емес қор одан бетер азайып кетті. Себебі 2022 жылғы энергетикалық дағдарыс отын қорын толтыруға кедергі келтірген.

Қазір отын қорлары 49 пайызға ғана толған, бір жыл бұрын осы көрсеткіш 67 пайыз болған.

Global Risk Management сарапшысы Арне Ломанн Расмуссеннің мәлімдеуінше, көктемге қарай Еуроодақта отын қоры «өте төмен деңгейге» жетеді.

Ресей газынан бас тартқалы бері…

Биржаға қатысушылар АҚШ президенті Дональд Трамп әрекеттерінің нарыққа әсерін жіті қадағалап отыр. Мәселен, Құрама Штаттар басшысы бүгін ЕО елдерінің тауарларына, соның ішінде алюминий мен болатқа 25 пайыздық баж салығын енгізгісі келетінін мәлімдеді.

ЕО бұған «салыққа салық» қағидасымен әрекет етер болса, онда мұндай жағдай табиғи газ бағасының көтерілуіне әкеп соқтырады, деп жазды Bloomberg. Себебі Еуропа газды негізінен АҚШ-тан алып отыр.

1 қаңтардан бастап Ресей газының Украина аумағы арқылы Еуропаға транзиті тоқтаған соң, ЕО елдері табиғи газды АҚШ-тан көптеп импорттай бастады. London Stock Exchange Group мәліметінше, биыл қаңтар айында АҚШ-тың шетелге сатқан газының 86 пайызы, яғни 7,25 млн тоннасы Еуропаға жөнелтілген. Газ импорты одан бір ай бұрынғы көрсеткіштен 69 пайызға артқан.

Сондай-ақ оқыңыз