Жаңалықтар

Жаңа Зеландия бай мигранттар тарту үшін көші-қон талаптарын жеңілдетеді

Жаңа Зеландия бай мигранттарды елге тартып жатыр / фото: REUTERS

Жаңа Зеландия билігі шетелден ауқатты мигранттар тарту үшін елдің көші-қон заңдарын біршама жеңілдетуді көздеп отыр. Бұл туралы Bloomberg басылымы хабарлайды.

Шетел инвесторлары «алтын виза» бағдарламасын пайдаланғысы-ақ келеді, бірақ кейбір көші-қон шектеулері оған кедергі келтіріп отыр.

Соған байланысты билік инвестициялық виза беру талаптарын жеңілдетіп, 1 сәуірден бастап ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын сынақты алып тастайды. Бірақ соның өзінде шетел азаматтары осы елден жылжымайтын мүлік сатып ала алмайды. Себебі мұндай құқық, ел тұрғындары мен салық резиденттерінен бөлек, Аустралия мен Сингапур азаматтарына ғана берілген.

«Біз сингапурлықтар мен аустралиялықтарға осында жылжымайтын мүлік сатып алуға рұқсат береміз. Біз әлем елдерінің азаматтарын осында 10 миллион жаңазеландиялық доллар әкеліп, инвестиция ретінде салуға шақырамыз. Сонымен бірге, үкіметке осы мәселені тезірек шешуге кеңес береміз», – дейді Оклендтегі Queen City Law басқарушы директоры Маркус Беверидж.

Жаңа Зеландия шетел инвестициясын ел экономикасына тарту үшін Active Investor Plus визасы талаптарын жеңілдетіп, инвесторлардың елде жүріп-тұру уақытын ұзартты.

Жергілікті үкімет жаңа көші-қон саясаты бай мигранттарды елге тартуға, капитал жинауға, экономиканы дамытуға және инфрақұрылымға қаржы салуға көмектеседі деп есептейді. Билік миграция саясатын 2022 жылы қатайтқан, содан бері бар болғаны 43 қана өтініш мақұлданған.