Әзербайжан билігі Ресей депутаты Николай Валуевке елге кіруге тыйым салды
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/nikolay-valuev-nikolaj-valuev-1024x576.png)
Әзербайжан Ресей думасының депутаты Николай Валуевті елге кіруге тыйым салынған тұлғалар тізіміне кіргізді. Бұл туралы сол елдің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Әзербайжан СІМ-нің хабарлауынша, мұндай шешім Валуевтің Баку қаласындағы Орыс үйінің жабылуына қатысты айтқан пікірлерімен байланысты.
«Ресей Мемлекеттік Думасының Туризм комитеті төрағасының бірінші орынбасары Николай Валуевтің Әзербайжан мен біздің халқымызға қарсы айтқан қорлайтын сөздері, сондай-ақ елімізге бағытталған үрейлі мәлімдемелері мүлдем қабылданбайды. Осыған байланысты, аталған депутаттың антиәзербайжандық көзқарастары ескеріліп, оның есімі Әзербайжан Республикасына кіруге тыйым салынған тұлғалар тізіміне енгізілді», – делінген хабарламда.
СІМ өкілі бұл Ресей Мемлекеттік Думасы депутаттарының «қалаусыз тұлғалар» тізіміне алғаш рет енгізілуі емес екенін атап өтті. Бұған дейін Мемлекеттік Думаның ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин мен Отбасын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Виталий Милонов та осы тізімге енгізілген болатын.
Осыған дейін Әзербайжан парламентінің депутаты Расим Мұсабеков Ресей тарапы Әзербайжанның жолаушылар ұшағына шабуыл жасаны үшін кешірім сұрауы керек деп мәлімдеме жасаған еді.