Қазақстанда орташа жалақы 435 мың теңгеге дейін өсті — Ұлттық статистика

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстандықтардың жалақы мөлшері қаншаға өсті?/ Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда орташа жалақы көлемі 435 мың теңгеге дейін өсті. Ең жоғарғы өсімі ақпарат және байланыс саласында байқалды. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы IV тоқсанға жасаған статистикалық мәліметі осындай.

«2024 жылғы IV тоқсанда медианалық жалақы – 308 717 теңге, ал шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда атаулы жалақы – 434 982 теңге. 2023 жылға қарағанда өсім 10,5%, нақты мәнде – 1,8% өсті»,- делінген хабарламда.

Орташа айлықтың ең көп өсімі ақпарат және байланыс салаларында – 32,8%-ға, ауыл, орман және балық шаруашылығында 22,7%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 20,3% тіркелген. Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету 7,6%, білім беру саласында орташа айлық жалақы 5% өскені байқалады.

Қазақстанның қай  өңірінде орташа жалақы өсті?

Бір жылда орташа айлық атаулы жалақы Алматы мен Шымкентте ең көп өсті. Алматы мен Шымкентте –13,6%, Қарағанды облысында – 13,2%, Солтүстік Қазақстан облысында – 12,9% және Ақтөбе облысында – 12,6%.

Атырау (640 938 теңге) және Маңғыстау (607 867 теңге) облыстары, сондай-ақ Астана қаласы (604 104 теңге) көш басында тұр. Одан кейін Ұлытау облысы (600 682 теңге) мен Алматы (539 125 теңге) қалалары. Шымкентте орташа жалақы – 330 193 теңге. Ал ең төменгі көрсеткіштер Жетісу облысында (314 398 теңге), Жамбыл (313 073 теңге) және Түркістан (304 325 теңге) облыстарында тіркеліп отыр.

Статистикалық бюллетень дерегіне сәйкес, 2019 жылы ортала атаулы жалақы 186,8 мың теңгені құраған. 5 жылда бұл көрсеткіш екі есе өскен.

Сондай-ақ оқыңыз