Жаңалықтар

Қазақстанда бала туу көрсеткіші жиырма жыл бұрынғы деңгейге дейін түсіп кетті

Жаңа жыл түнінде Қазақстанда 181 бала дүние есігін ашты
Қазақстанда бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кетті / фото: shutterstock

Елдегі бала туу көрсеткіші кейінгі 20 жылда жаңа антирекорд орнатып, 2004 жылғы көрсеткішке дейін түсіп кетті.

DataHub мамандарының есептеуінше, 2024 жылы халықтың әрбір 1000 адамына жаңа туған сәби үлесі 18,29 ғана болған. Дәл осы шамадағы көрсеткіш соңғы рет 2004 жылы тіркелген.

Қазақстанда кейінгі он жылда туу көрсеткіші төмендей берді. Коронавирус індетіне байланысты жарияланған карантин кезінде ғана дүние есігін ашқан бала саны көп болған. Ал одан кейінгі жылдардағы көрсеткіштер көңіл қуантпайды.

Зерттеуде туу деңгейі Қазақстанның барлық өңірінде төмен екені айтылған. Әсіресе, Маңғыстау мен Атырау облыстары кері көрсеткішпен ерекшеленді. Ірі қалаларды алар болсақ, мұнда Шымкент пен Астана антирекорд орнатқан.

Қалаларға қарағанда, ауылдарда көрсеткіш әдеттегідей жоғары, бірақ бұрынғы жылдармен салыстырғанда әжептәуір кемігені байқалады.

Соған қарамастан, сарапшылар Қазақстанда туу көрсеткіші әлемдегі орташа статистикалық мөлшерден жоғары екенін айтып отыр.

2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, Қазақстан халқының саны 20 286 084 адам.