Экономикадағы күрделі жағдайға шығынның шектен тыс артып кеткені жеткізді – заңгер

Заңгер Асқар Қаймақов бюджеттің жыртығын қосылған құн салығы мөлшерлемесін арттыру есебінен жамайтындай жағдайға «аз табатынымыздан емес, көп шығындалатынымыздан жеттік» деген пікірде. Бұл туралы ол Bes.media порталына білдірген пікірінде айтты.
Мән-жайы
Асқар Қаймақов мемлекеттік жобалардағы шығынды сынға алды. Оның пікірінше, қоғамдық іс-шараларға, құрылыс жобаларына және жиі жүргізілетін жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаржы негізсіз жұмсалып жатыр. Сондықтан бұл шығындарды қайта қарау керек.
Шектен тыс шығынның зардабы
Заңгер экономикадағы күрделі жағдайға шығындардың шектен тыс артып кеткені жеткізді деп санайды.
«Ешқандай пайда әкелмейтін шексіз форумдар өткіземіз. Орасан зор құрылыс жобаларын бастаймыз. Жыл сайын құны түсініксіз бордюрларды ауыстырамыз. Неге мемлекеттік мекемелерде жөндеу жұмыстарын бес жылдан жиі жүргізбеу керек деген норма бекітілмеген? Жол жөндеуді де кемінде бес жылда бір рет қана жасау қажет. Ал бордюрларды мүлде ауыстырмау керек. Мен гранит бордюрлар қалай бұзылатынын түсіне алмаймын?», – деп таңданысын білдірді Асқар Қаймақов.
Ел үкіметі қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттырғалы жатыр. Бастапқыда 20 пайызға дейін өсуіру ықтималдығы туралы айтты. Кейін сарапшылар сыны мен қоғамдық қарсылықтан кейін президент үкіметке ұсынысты пысықтауды тапсырған. Үкімет өкілдерінің сөзіне қарағанда, мөлшерлеме сараланған формада болатынға ұқсайды.