Жаңалықтар

Елден көшіп кетушілер азайып, келушілер көбейген

Елден кеткендер аз, керісінше келіп жатқандар көп/Фото: Kursiv.media

2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ҚР-дан басқа мемлекетке тұрақты тұру үшін шамамен 12,8 мың адам көшіп кеткен. Бұл өткен жылға қарағанда 20%-ға аз деп хабарлады бірінші кредиттік бюро.

Бюро қазіргі көрсеткіші – тәуелсіздік алғаннан бергі ең төменгі деңгей екенін атап өтті.

Аталған кезеңде Қазақстанға тұрақты тұру үшін көшіп келгендер саны 29,9 мың адамнан асқан. Өткен жылға қарағанда 18%-ға көп. Бұл тарихи рекорд болмаса да, мұндай жоғары көрсеткіш соңғы рет 2011 жылы тіркелген еді.

«Осылайша миграция сальдосы – келгендерден кеткендер санын алғанда – екінші жыл қатарынан оң нәтиже көрсетіп отыр. Бұл жолы 17,2 мың адам шамасында болды. Бұл 2006 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш«, – дейді бюродағылар.

Дегенмен 2012-2022 жылдар аралығында сальдо жыл сайын теріс мәнді көрсеткен. Яғни Қазақстаннан көшіп кеткендер саны келгендерден асып отырған.

Қазақстандықтар қайда көшіп жатыр

10 адамның жетеуі Ресейге көшкен. Одан кейін Германияға көшушілер үлесі де елеулі (16%).

Қайдан көшіп келіп жатыр

Елге тұрақты тұруға келушілердің басым үлесі Өзбекстан (10 адамның 4-еуі) және Ресейге (иммигранттардың 27%-ы) тиесілі. Қытайдан келушілер 7%, Моңғолиядан 5%.

Деректер кері жағдайды көрсеткенімен, 2024 жылдың соңында жарияланған зерттеу қазақстандықтардың бестен бірі елден кетуді ойлайтынын көрсеткен.

Бұған дейін, елде туу көрсеткіші түсіп, пандемиядан кейін тіркелген бэби-бум аяқталғаны хабарланған.