«Сұр импорт көбейіп, салық жүктемесі артады»: сарапшылар салық реформасын сынға алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қосылған құн салығының көтерілуінің қандай салдары бар / Фото: shutterstock.com

Үкімет қосылған құн салығын (ҚҚС) 16 пайызға дейін көтеріп, кейбір салалаларға сараланған мөлшерлеме ұсынбақ. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кейбір салаларға жеңілдік берілетінін де айтып өтті. Қосылған құн салығынан басқа қандай салалар босатылатыны тағы да талқыланбақ.

Президент ескертпесі

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің қосылған құн салығы мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру туралы ұсынысына назар аударып, бұл шешімнің тым асыра қабылданғанын атап өтті.

Оның тапсырмасынан кейін Үкімет өз ұстанымын қайта қарап, негізгі мөлшерлемені 16% деңгейінде белгілеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін ҚҚС-тан босату және кейбір салалар үшін 10% аралық мөлшерлемені енгізу туралы шешім қабылдады.

Сарапшылардың пікірі

Экономист Айдархан Құсайынов бұл өзгерісті мемлекеттің қоғам пікіріне құлақ асуы және азаматтық жауапкершіліктің артуының айқын көрінісі деп бағалады.

«Оның айтуынша, ұсынылған 20%-дық мөлшерлемеден бас тартып, 16% деңгейінде белгілеу – бұл салық ауыртпалығының айтарлықтай азайғанын байқатады».

Алайда кейбір сарапшылар ҚҚС-тың өсуі бірқатар мәселелерге әкелуі мүмкін екенін ескертеді.

Сұр импорт көбейеді

Алайда «Teniz Capital Investments Banking» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Құсайыновтың айтуынша, енді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында тауарлардың еркін айналымына байланысты Қазақстанға сұр импорт ағымы күшейді.

«Кедендік бақылаудың әлсіздігіне байланысты, Қырғызстан арқылы Қазақстанға үлкен көлемде тауарлар заңсыз кіріп жатыр. Себебі Қырғызстанда кедендік рәсімдеу әлдеқайда арзан әрі жеңіл. Бұл тауарлар Қазақстанда ҚҚС төлеместен сатылады, нәтижесінде заңды бизнеске үлкен соққы жасалады», – деді ол.

Бұл жағдай отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, заңды экономиканың дамуына кедергі келтіруі мүмкін.

Салық ауыртпалығы артады

Сарапшы Олжас Байділдинов ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі бизнеске салық ауыртпалығының артуына алып келетінін ескертті. Оның айтуынша, салық органдары ҚҚС уақтылы төленуі үшін қамтамасыз етуге қосымша талаптар қоя бастайды, бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге қысымды арттырады.

«Мысалы, ҚҚС төлеушіден кеңсе техникасын сатып алдыңыз, сол үшін шегерімге ҚҚС-ты енгізіп, бюджетке төленетін салық сомасын азайттыңыз. Егер сіздің жеткізушіңіз банкротқа ұшыраса, жабылса немесе ҚҚС-ты бюджетке төлемесе, онда салық органдары сізден сол соманы төлеуді талап етеді. Яғни, сіз өзіңіз төлемеген салық үшін жауап беруге мәжбүр боласыз», – деп жазады ол.

Бұл норма бизнес үшін үлкен қауіп төндіреді. Өйткені кәсіпкерлер өз серіктестерінің салық міндеттемелерін орындайтынына толық кепілдік бере алмайды. Нәтижесінде, бизнес тауар жеткізушілерді мұқият тексеруге мәжбүр болмақ.

Депутаттар не ұсынады?

Бұл ретте Respublica партиясы сараланған салық салу принципін қолдайды, алайда көптеген сала үшін ҚҚС мөлшерлемесі 12% деңгейінде сақталуы тиіс деп есептейді.

Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров салық жүйесінің теңгерімді болуы үшін өзгерістер кешенді түрде қабылдануы керек екенін атап өтті.

Депутат Максим Барышев ҚҚС-ты 20%-ға дейін көтеру – салықты төмендету әсерін жоққа шығаратынын, ал есепке қою шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету – шағын бизнесті бағаны көтеруге немесе көлеңкелі нарыққа кетуге мәжбүрлейтінін айтты.

«Ауыл шаруашылығы өнімдері үшін ҚҚС-тың 0% болуы – дұрыс қадам, бірақ басқа салалардағы мөлшерлеменің өсуі сөзсіз бағаның қымбаттауына және кәсіпкерлерге қосымша жүктеме түсуіне әкеледі. Сондықтан салық мөлшерлемесінің 12% деңгейінде қалуын талап етеміз», – деді Respublica партиясынан Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов.

Сондай-ақ оқыңыз