Қазақстанда еттің қымбаттауына Тәжікстан мен Өзбекстанның сұранысы әсер еткен
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/shutterstock_1343218904.jpg)
Базарда ет бағасының қымбаттауына Тәжікстан мен Өзбекстанның қазақ етіне деген сұранысы әсер еткен. Бұл туралы журналистердің сұрағына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Министр еттің қымбаттауына құрғақшылықтың еш қатысы жоқ деп тұжырымдайды.
«Құрғақшылық алдыңғы жазда болды, ал былтыр біз қалыпты өнім алдық. Сіздер өздеріңіз де көріп отырсыздар, екі жыл бұрын астық қанша тұрды және қазір қанша. Жем шөп қоры жеткілікті. Сондықтан құрғақшылық ет бағасына әсер ете алмайды», – деді Айдарбек Сапаров.
Ет неге қымбаттады
Оның айтуынша, ет бағасына әсер еткен негізгі фактор – Тәжікстан мен Өзбекстан тарапынан етке деген жоғары сұраныс. Бұл елдер өңірлерден ет сатып алып жатыр7 Соның салдарынан алыпсатарлар да бағаны көтере бастаған.
«Алайда қазіргі таңда жағдай тұрақталып келеді. Мен кеше ғана ет жеткізумен айналысатын адамдармен сөйлестім. Бағасы 2700 теңгеден басталып, 3300 теңгеге дейін жетеді. Кей жерлерде 3500 теңгеге дейін қымбаттаған. Бірақ, жалпы алғанда, ет жеткілікті. Бағаға қатысты болжам айту қиын, өйткені ол сауда желілеріне байланысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі ретінде біздің міндетіміз – өндірісті қамтамасыз ету», – деп толықтырды министр.
Бұған дейін министр картоп үсіп жатса, оған шаруалардың өздері кінәлі екенін айтқан.