![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/muhamediuly-1024x683-1.webp)
Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының түрмеде аштық жариялағаны туралы ақпаратты теріске шығарды. Бұл туралы TengriNews агенттігі хабарлады.
ҚАЖК мәліметінше, Мұхамедиұлы тамақ ішіп жатыр, бұл бейнебақылау камералары арқылы дәлелденген.
«Сотталған адамның аштық жариялағаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол тамақтан бас тартпаған, бұл бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы расталды. Сонымен қатар, одан ешқандай шағым немесе өтініш түскен жоқ. Белгіленген тәртіпке сәйкес, сотталған адамның ұялы телефонды пайдалануға мүмкіндігі жоқ», – деп мәлімдеді Ақмола облыстық ҚАЖ департаментінің өкілдері.
Сонымен бірге, комитет қызметкерлері экс-министрдің атынан Facebook парақшасында аштық жариялау туралы жазба мен өз-өзіне қол жұмсау ниеті жайлы хаттың қалай тарағанын тексеретінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлының Facebook-тегі жеке парақшасында оның әділетсіз үкімге байланысты аштық жариялап, тіпті өмірін қиюға дайын екені туралы жазба пайда болған еді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылы Ұлттық музейді басқарып отырған кезде мемлекеттік қаражатты жымқырды деген айыппен 11 жылға сотталды.