ХАМАС израильдік тұтқындарды босатуды белгісіз мерзімге шегерді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
ХАМАС израильдік тұтқындарды босатуды белгісіз мерзімге шегерді / Фото: архив kursiv.media

Палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильмен жасалған келісімге сәйкес, тұтқындарды айырбастау процесінің келесі кезеңін белгісіз мерзімге кейінге қалдырды. Бұл туралы қозғалыстың әскери қанатының өкілі Абу Убейда мәлімдеді.

ХАМАС өкілінің айтуынша, Израиль келісімнің шарттарын орындамай, оны бірнеше рет бұзған.

«Үш апта бойы біз қарсы тараптың келісімді орындамауын қадағаладық. Олардың қатарында Газа секторының солтүстік бөлігіне қайтып жатқан бейбіт тұрғындарды атқылау, гуманитарлық көмекті жеткізу шарттарының орындалмауы сияқты әрекеттер бар», – делінген ұйымның мәлімдемесінде.

Сондықтан сенбі, 15 ақпандағы кезекті тұтқындарды босату кезеңі белгісіз мерзімге тоқтатылды. Дегенмен ХАМАС келісімді орындау мүмкіндігін әлі де қарастырып жатқанын және делдалдарды белсенді әрекет етуге шақыратынын мәлімдеді.

Израиль тарапының жауабы

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац бұл шешімді «толық келісімді бұзу» деп бағалады.

«ХАМАС-тың израильдік тұтқындарды босатудан бас тартуы – атысты тоқтату туралы келісімнің және тұтқындарды айырбастау келісімінің толықтай бұзылуы. Мен Израиль Қорғаныс күштеріне (ЦАХАЛ) Газадағы кез келген сценарийге дайындалуды тапсырдым», – деді министр.

Израильдің «Тұтқындар мен жоғалғандар отбасы» ұйымы да жағдайға алаңдаушылық білдіріп, келісімнің қайта орындалуын талап етіп, делдал елдерге жедел әрекет етуге шақырды.

«Біз Израиль үкіметін келісімді орындауға және 76 жақындарымыздың қайтып оралуына кепілдік беруге шақырамыз», – делінген ұйымның мәлімдемесінде.

Ал Израильдің «Цав 9» ұйымы егер ХАМАС тұтқындарды 17 ақпанға дейін босатпаса, Газадағы гуманитарлық көмекті тоқтатуға шақырды. Олар жексенбі күні мыңдаған адам қатысатын наразылық ұйымдастырып, жүк көліктерінің кіруіне тосқауыл қоюға ниетті.

Келісім шарттары қандай еді?

Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату туралы келісім 19 қаңтарда күшіне енді. Оның бірінші кезеңінде 33 израильдік тұтқын босатылып, Израиль түрмелеріндегі 1900 палестиналық тұтқын айырбасталуы тиіс еді.

8 ақпанда келісімнің бесінші кезеңі аяқталып, үш израильдік тұтқын бостандыққа шықты. Ал Израиль 183 палестиналықты босатты. Жалпы, ХАМАС 16 израильдікті қайтарды, алайда Израиль мәліметінше, олардың сегізі көз жұмған.

15 ақпанда ХАМАС үш израильдікті босатуы тиіс еді, ал Израиль жауап ретінде палестиналық тұтқындарды шығару керек болатын. Бірақ соңғы оқиғалар келісімнің орындалуын қиындатып отыр.

Израильдің талаптарының бірі – Газа секторының солтүстігіне оралғысы келетін бейбіт тұрғындарға кедергі келтірмеу болды. Өткен аптада Израиль әскері Нецарим дәлізін босатты, бұл Газаның солтүстігі мен оңтүстігін бөліп тұрған әскери аймақ болатын. Осыдан кейін жүздеген палестиналықтар солтүстікке қарай бет алған еді.

Сондай-ақ оқыңыз