![Қазақстаннан Иран мен Ауғанстанға астық экспорты қарқынды өскен](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2024/12/cover-site3123-123-2-3.png-1024x576.webp)
Күзде егістіктерден жиналған астықтың 20 млн тоннасы әлі қамбада тұр. Үкімет оның 12 млн тоннасын экспорттауы керек. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров астық өткізудің жаңа бағыттарын іздеп жатқанын айтты.
«Үкімет қолдауының арқасында былтыр 26,8 млн тонна астық жиналды. Соның 4,8 млн тоннасы экспортқа шықты. Қамбада қазіргі уақытта 20 млн тоннаға жуық астық қалды. Оның 12 млн тоннасын экспорттауымыз керек. Экспорттаудан бөлек, қамбадағы астық мал шарушалықтарына сатылып, диірмендерге жіберіліп жатыр», – деді министр.
Көктемгі дала жұмыстары басталуға жақын қалған тұста, қамбада қалып қойған астық көлемі әлі де көп. Бұл өнімді өткізу үшін министр жаңа экспорттық бағыттар іздестіріліп жатқанын, алдағы уақытта Араб елдерінің бағытында астық экспортын ашу көзделіп отырғанын айтты.
«Жаңа нарықтар ашылып жатыр, қазір Ресей, Балтық бойы елдері арқылы да астық экспортталып жатыр. Бұдан бөлек Мысыр және Араб елдеріне жаңа нарықты ашуды жоспарлап отырмыз. 17 ақпан күні сол елдерге келісімшартқа отыру үшін жұмыс сапарымен барамын», – деді ол.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, қазір Қазақстан қамбада қалған астық өнімдерін 45-тен аса елге экспорттайды. Алдағы уақытта экспорттық бағыттардың саны 50-55 елге жетіп қалатынын жеткізді.
Қазақстанның астық экспортына күзде Ресейдің шектеу енгізгені айтарлықтай әсер етті. Қазақстан мен Ресей тарапы бұл мәселені тек қаңтар айында шеше алды.