Жаңалықтар

Сот шешімі. Құлыбаев ҚазҰУ маңындағы жерінен айырылды

Құлыбаев ҚазҰУ маңындағы жерден айырылды
Құлыбаев ҚазҰУ маңындағы жерлерді сотта даулап, қайтарып алмақ болған / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

Тимур Құлыбаев ҚазҰУ маңындағы жерінен айырылды. Нақтырақ айтқанда, Құлыбаев иелік ететін «Кипрос» компаниясы Алматының қымбат ауданындағы 1,79 га жер учаскесін сотпен даулап, қайтарып алмақ болған. Бірақ сот жерді әкімдік иелігінде қалдыру туралы шешім шығарған.

Сот кабинетіндегі деректерге сәйкес, 2025 жылдың 16 қаңтарында Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдыру туралы үкім шығарған. Ал бұған дейінгі үкімді Алматы қаласының ауданаралық экономикалық соты 2024 жылғы 11 қазанында шығарған. «Кипрос» компаниясы осылайша аталмыш жер учаскесінен айырылған.

«Кадастрлық нөмірі 20-313-009-080, ауданы-1,79 га, жер учаскесінің «Solid Bureau» ЖШС мен «KazkomRealty» ЖШС арасында 20.12.2014 жылы жасалған №32911 сатып алу – сату шарты жарамсыз деп танылсын», – делінген сот қаулысында.

Бұл жер Алматы қаласы, Бостандық ауданы әл-Фараби даңғылының солтүстігінде, Есентай өзенінің батысында орналасқан. Нысаналы мақсаты – қызметтік ғимараттарды, тұрғын үйлерді және сауда орталықтарын салуға бағытталған.

Жер дауы қашан басталды?

Бір кездері ҚазҰУ-ға тиесілі болған бұл жер учаскесін 2007 жылы әкімдік инвестициялық келісім негізінде жекеменшік Esentai Development компаниясына берген. Бүгінгі күні мұндай компания жұмыс істемейді, жойылған. Аталмыш компания инвестициялық мақсатта алынған бұл жерлерді бөлшектеп, бірнеше компанияға сатқан. 2019 жылы жер учаскесін «Кипрос» компаниясы иеленген.

Тек 17 жыл өткен соң, яғни 2024 жылы әкімдік жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу туралы шешім қабылдап, сотқа жүгінген. Сотқа шағымды Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару басқармасы 2024 жылдың шілде айында түсірген. Әкімдік жерді сатып алу-сату келісімдерін жарамсыз деп тануды талап еткен. 2024 жылдың қазан айында басқарманың дегені орындалып, сот талапты қанағаттандырған. Сот бұл жерлердің мемлекеттің еркінен тыс, заңсыз сатылғанын ескерген.

«Даулы жер учаскесінің бастапқыда заңсыз беріліп, заңсыз жүзеге сатылғанын, атап айтқанда, лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері салдарынан мемлекеттің еркінен тыс иеліктен шығарылғанын ескере отырып, сот алқасы адал сатып алушыдан жер телімін алып қоюды негізді деп санайды», – делінген Алматы қалалық сотының қаулысында.

Жер құны

Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрында даулы учаскенің жекеменшікте екені көрсетілген. Сот құжаттарында жер учаскесінде қандай нысандар орналасқаны көрсетілмеген.

Екінші даулы жер

Құлыбаевқа тиесілі Atlas Development компаниясы 2017 жылы Әл-Фараби даңғылының маңында орналасқан 0,7168 гектар жерді сатып алған. Кезінде бұл жер де ҚазҰУ аумағына кірген. Бұл жерде компания Deniz Park бизнес орталығын салған. Бірақ 2024 жылдың сәуірінде Алматы соты Құлыбаевтың фирмасымен бірге төрт компания арасында жасалған жер телімін сатып алу-сату туралы келісімшарттарды және әкімдік сол кезде шығарған қаулыларды жарамсыз деп таныған. Солайша кәсіпкер бұл жерден де айырылған.

Айта кетейік, депутат Бақытжан Базарбек Тимур Құлыбаевтың бұл жер үшін қала әкімдігінен 34 млрд теңге өтемақы талап етіп отырғанын мәлімдеген болатын. Айтуынша, экс-президенттің күйеубаласы жер теліміне салған қаражат шығынын осылай өндіріп алуды көздеп отыр.

eGov порталындағы деректерде «Кипростың» 1992 жылы пайда болғаны жазылған. Компания негізін қалаған Тимур Құлыбаев. Бизнесмен Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең дәулетті адамдары тізімінде көш бастайды. Оның байлығы 5 млрд долларға бағаланады. Құлыбаев Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динараға үйленген. Оның капиталы да 5 млрд доллар көлемінде.