Қытайдың құлдырауы Қазақстанға қандай қиындық әкеледі
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2022/01/old-image-80800.jpg)
Қытайдың құлдырауы Қазақстанға экономикалық ауыртпалық әкелуі мүмкін. Бұған АҚШ пен Қытай арасындағы сауда және баж салығы соғысы түрткі болып отыр.
Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, АҚШ пен Қытай арасындағы қырғи-қабақтық Қазақстанға тікелей және жанама түрде ықпал етпек. Тікелей әсері – шикізат және басқа ресурстардың бағасының құлдырауы. Жанама әсері – валюта бағамының тұрақсыздығы.
Баж салығы соғысы
Қытай 10 ақпаннан бастап бірқатар америкалық тауарларға баж салығын енгізді. DW ақпаратына қарағанда, бұл шара АҚШ-тың қытай импортына салған баж салығына қарымта шара ретінде енгізген.
Қытайдың құлдырауы негізсіз әңгіме емес. Әлем сарапшылары осындай болжам жасап отыр. АҚШ Қытайды әлсіретуді көздеп отыр. Қару ретінде баж салығы мен сауда шектеулерін қолдану үстінде.
Экономист Арман Бейсенбаевтың айтуынша, Трамп Қытайдың дамуын тежеу үшін сауда соғысын ашқан.
«Қытайды бекер әлемнің фабрикасы деп атfп жүрген жоқ. Өндірісі АҚШ пен Еуропа нарығына жұмыс істеqді. Қытай бұрын кедей ел болса, енді күшін сезіне бастады. АҚШ-тың терезесі тең қарсыласы болмаса да, маңызды бәсекелесіне айналды. Әлемдегі «екінші экономика» атанды. Америкалықтар мұны қауіп деп қабылдап отыр. Сауда соғысының мәні осында жатыр», - дейді сарапшы.
Қазақстан экономикасын қалай әсері
Арман Бейсенбаевтың пікірінше, Батыс нарығынан айырылу Қытай үшін ауыр соққы болып отыр. АҚШ-тың мақсаты – Қытай экономикасын дағдарысқа ұшырату.
«Біз Қытай экономикасына тәуелдіміз. Қытай экономикасының дағдарысы – әлемдік дағдарыс деген сөз. Өйкені, Қытай өндірісі – әлемдік нарықтың 20 пайызы. Сондықтан Қазақстанды ғана емес, әлемге әсер етеді»,- дейді Арман Бейсенбаев.
Сарапшының болжамынша, Қытайда дағдарыс немесе рецессия болса, мұнай бағасы құлдырауы мүмкін. Бұл – Қазақстан үшін үлкен проблема.
«Қытайдан көп нәрсе сатып аламыз. Ол жақта өндіріс жабылса, бізге оңай болмайды. Бізге қытай тауарлары арзанға сатылып жатыр. Қытайға біздің шикізатымыз ғана керек. Оны Қазақстан да, Ресей де нарық ретінде қызықтырмайды», – дейді экономист.
Шикізат бағасы қандай болады?
Қытайдың құлдырауы ұзақ мерзімге созылған жылжымайтын мүлік секторындағы түйткілдерден, тұрақты дефляциялық қысымнан және сұраныстың төмендеуінен көрініп отыр.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, бұл жайт Қазақстанның экспортының көлемін қысқартуы ғажап емес.
«Қытай – Қазақстанның маңызды сауда және экономикалық серіктесі. Сондықтан біздің саудамыз бен экспортымызға әсерін тигізеді. Өйткені, Қытай – ірі нарық. Қытайда экономикалық өсімнің қарқыны төмендейтін болса, ел экспорты азаюы мүмкін. Қытайға мұнай, металл, ауыл шаруашылық өнімдерін мен минералды ресурстар және шикізат шығарамыз», – дейді сарапшы.
Инвестиция көлемі азая ма?
Бауыржан Ысқақовтың сөзіне қарағанда, Қытайдың құлдырауы еліміздегі өндіріс және өнеркәсіп салаларына қиындықтар туғызуы ықтимал. Сұраныс азайса, шикізаттың бағасы төмендейді. Теңге бағамы да Қытайдағы экономикалық саясатқа азды-көпті байланысты.
«Қытайдың қаржылық жағдайы Қазақстанға тартылған инвестициялар мен капитал ағымдарының көлеміне әсер етеді. Қытайдан келген инвестициялар Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, өндірістің дамуына жәрдем беріп келеді. Қытайдың құлдырауы инвестициялардың азаюына түрткі болады», – дейді сарапшы.
Экономист қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары Қытайдың экономикалық ахуалын жіті зерттеуге шақырып отыр.
«Қазақстан экономиканың әртараптандыруға, өндірісті дамытуға баса назар аударуы қажет. Сауда соғысы Қытай экономикасын кері әсерін тигізіп отыр. Бұл Қытайдың сауда серіктесі ретінде Қазақстанға да қиындық тудырады», – дейді Бауыржан Ысқақов.
Мұның алдында Қытайда тұтынушылық инфляцияның өсе бастағаны жөнінде жазған болатынбыз.