Авто

Қытай автогиганты BYD өнімдерінің бәріне «Құдайдың көзі» автономды басқару жүйесін орнатады

BYD электромобильдерінің бәріне автономды басқару жүйесін орнатады / фото: REUTERS/Athit Perawongmetha

Әлемнің алпауыт автогиганттарымен тайталасқа түскен қытайлық BYD электромобиль өндіруші енді көліктерінің бәріне, тіпті арзандарына да жетілдірілген автономды басқару жүйесін енгізуді көздеп отыр, деп хабарлайды Financial Times.

«Автономды басқару жүйесі халық игілігіне айналады»

Электромобильді өзі басқаратын жүйе «God’s Eye», яғни «Құдайдың көзі» деп аталады.

Компания оны ең арзан тұратын өнімі – Seagull хэтчбегіне де орнатуды көздеп отыр. Seagull 70 мың юань (9 600 доллар) тұрады.

Әдетте автономды басқару жүйесі премум-класс санатына жататын электромобильдерде ғана кездеседі. Оның көмегімен көлікті тұрақжайға қоюға, жолда басқа көлікті басып озуға болады.

«Автономды басқару жүйесі бүкіл халықтың игілігіне айналатын заманға аяқ бастық», – деді компания өкілі Ван Чуаньфу Шэньчжэндегі BYD кеңсесінде ұйымдастырылған шарада.

Оның айтуынша, озық үлгідегі басқару жүйелері «қолжетпес арман емес, қауіпсіздік белдігі пен жастықшасы секілді қажетті құралға айналды».

Тұтынушы көңілінен шығады

Қытай электромобиль нарығында көш бастаған BYD әлемде де Tesla секілді автогиганттарға бәсекелес бола алатын шамаға жетті. Алайда осы уақытқа дейін көлікті өздігімен басқару жүйесінің баяу жетілуі оның ең басты кемшіліктерінің бірі болып келген.

BYD компаниясының технология саласындағы осы жетістігін инвесторлар да жоғары бағалады – Гонконг биржасында оның акциялары 21 пайызға көтерілді.

Сарапшылардың айтуынша, Қытайда тұтынушы күрделі технологиясы бар автомобиль үшін көп ақша төлеуге әзір.

Электромобиль және ЖИ

Айта кетерлік тағы бір жайт, дүйсенбі күні BYD өзінің автомобиль жүйелеріне Қытайдың DeepSeek жасанды интеллект стартапына бейімдеуді көздейтін топқа қосылды.

Мамандар DeepSeek автомобиль өндірушілерге дауыстап әмір беру секілді функцияларды енгізуге көмектеседі.

«Болашақта қытай автоөндірушілер интеллектуал инновация саласында көшбасшы атанып, осы технологияларды көпшілік пайдаланатын көліктерге енгізеді», – дейді UBS сарапшысы Пол Гонг.