Ұлттық валюта тағы нығайды: доллардың бір айда 24 теңгеге арзандауына не себеп
![валюта бағамы](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/01/cover-site-312312312-1024x576.png)
Қазақстан қор биржасындағы түскі сауда нәтижесінде ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы тағы 3,48 теңгеге арзандап, 1 доллар 506,43 теңге болды.
Құлдыраудан кейінгі нығаю
Осылайша ұлттық валюта бір айдың ішінде ғана шамамен 24 теңгеге нығайды. 2025 жылғы 10 қаңтарда 1 доллар 530 теңге тұратын.
Теңге қаңтардың аяғынан бері үздіксіз күшейіп келеді. Ақпанның басында доллар аздап көтерілгені болмаса, ұлттық валюта бағамы 2024 жылғы қарашадағы көрсеткішке жақындап қалды. Теңге былтыр қарашаның аяғынан бастап екі ай көлемінде қатты құлдыраған еді.
Дәл осыған ұқсас көріністі рубльдің долларға шаққандағы бағамынан да көруге болады. 10 ақпан, сейсенбі күні, Ресей валютасының долларға шаққандағы бағамы Форекс нарығында 2024 жылғы қарашадан бері алғаш рет 96 рубльден төмен түсті.
Теңге мен рубльді салыстырар болсақ, сейсенбі күні рубль теңгеге шаққанда сәл ғана көтерілген – 5,26. Былтыр қарашаның аяғында ұлттық валютаның рубльге шаққандағы бағамы 4,66 теңге болған.
Ұлттық валютаның нығаюына не себеп?
Жалпы бүкіл әлем бойынша доллардың жыл басындағы қарқыны біршама қайтты. Валюта нарығының мың құбылуына былтыр күзде АҚШ-та президент сайлауында Дональд Трамптың жеңіске жетіп, биыл қаңтарда билік басына келген уақытта әлем елдерімен «сауда соғысын» бастауы әсер еткен.
Алайда инвесторлар Трамптың шетел тауарларына баж салығын енгізуі әлем экономикасына айтарлық әсері жоқ екенін түсінген уақытта доллардың қарқыны қайта бастаған.
Бұған қоса, Трамп әкімшілігінің Украина мен Ресей арасындағы әскери жанжалды аяқтауға талпынысы қаржы нарығындағыларды үміттендірді. Оның үстіне әлемде Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің құны 75 доллар көлемінде сақталып тұр. Ал Қазақстан үкіметі мұнай өндірісін жылдан-жылға арттырып отыр. Осының бәрі рубльдің, оның қасында теңгенің де нығаюына әсер етпей қоймады.