Түркістан прокуратурасы «халықтың имандылығын» сақтау үшін жеңіл жүрісті әйелдерді жаппай ұстаған
Түркістан облысы прокуратурасы халықтың имандылығына баса назар аударатынын хабарлады. Сондықтан ақшаға қызмет көрсететін жеңіл жүрісті әйелдерге қарсы науқанның нәтижесі туралы есеп берді.
Прокуратура хабарламасында не айтылған?
«Түркістан облысының прокуратурасы халық имандылығы мен жезөкшелікке қарсы іс-қимылға ерекше назар аударады», – делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.
Түркістан облысы прокуратурасының дерегінше, былтыр жезөкшелікпен айналысуға, басқа да сексуалды қызмет көрсетуге арналған 11 притонның жұмысын тоқтатқан. Бұл науқанда аталған жергілікті орган арнауы іс-шара жасап, үйлестіріп отырыпты.
Қанша жезөкше ұсталды?
Түркістан прокуратурасының хабарлауынша, тән саудасының көрігін қыздырған 12 жеңгетай анықталған. Оның бәрі – Қазақстан азаматтары. Притондардың клиенттеріне 35 әйел тұрақты қызмет көрсетіп жүріпті. Оның 13-і Өзбекстан азаматы болып шықты.
Сонымен қатар желтоқсан айының ортасында Түркістан Сайрам ауданында 7 өзбекстандық әйел ұсталды. Олардың интимдік қызмет көрсетіп жүргені анықталып отыр. Олар қызмет көрсететін нысан әшкереленген.
Түркістан прокуратурасының мәліметінше, притонды ұйымдастырғандар түгел ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып кеткен. Оларға Қылмыстық кодекстің 309-бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылып отыр.
Жеңгетайлар неше жылға сотталады?
Бұл бапта «адамдар тобының алдын ала сөз байласып, бірнеше мәрте жезөкшелікті, сексуалдық сипаттағы өзге де көрсетілетін қызметтерді насихаттау және жарнамалау, кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге тарту» іс-әрекеті қарастырылған.
Түркістан облысындағы жеңгетайлардың мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мұның алдында Ішкі істер министрлігінің желідегі жезөкшелікті жарнамалауға қарсы күресте қауқарсыз екенін мойындаған еді. Өйткені жезөкшелер сайтының иелері шетелде тұрады. Олардың қулықтарына құрық бойламайды. Бір доменді жасап, екіншісі лезде пайда болады.