Ресейдің Қазақстаннан жеткізілетін тауық етінде қауіпті бактерия бар деген мәлімдемесі расталмады
![курица](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/12-4-1024x576.jpg)
Ресейге Қазақстаннан жеткізілетін тауық етінде қауіпті листерия бактериялар табылмады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Қазақстаннан Ресейге экспортталатын тауық етінен қауіпті бактерия шықты деген ақпарат 29 қаңтарда жарияланған болатын. Онда қазақстандық «Макинск құс фабрикасы» кәсіпорнынан қауіпті бактерия – листерия табылғаны туралы жазылған. Кейін бұл мәлімет Россельхознадзор сайтынан алынып тасталды. Министр Сапаров бұл фактіні растады және аталған жағдайды «техникалық қателік» деп бағалады.
«Бізде ешқандай мәселе болған жоқ. Қауіпсіздік үшін өзіміз қосымша тексеріс жүргізіп, талдаулар алдық. 10 ақпанда олардың нәтижелері шықты – барлығы теріс, ешқандай проблема жоқ. Бұрын қалай экспорттасақ, солай экспорт жалғасуда«, – деді министр.
Министр осы жағдайдан соң Ресей тарапы маркетингтік цифрлық нарыққа бақылауды күшейткенін айтады. Дегенмен екі ел арасындағы министрліктердің қарым-қатынасы дұрыс екеніне сенімді.
«Мұнда бәсекелестік пен басқа да мәселелер бар шығар. Дегенмен жалпы жұмыс жүріп жатыр, экспорт жалғасуда, ешқандай қиындық жоқ», – деді Сапаров Үкіметте өткен брифингте.
Листерия бактериясы – адам мен жануарларда қауіпті инфекциялық ауру тудыратын қоздырғыш. Бұл бактерия сирек кездессе де, өте қауіпті.
Айта кетейік, «Макинск құс фабрикасының» құрылтайшысы – «Aitas KZ» АҚ, ал акционері – Серік Толықпаев. Компания бройлер өсіріп, өнімдерін «Кус&Вкус» брендімен шығарады.
Қазақстанда ішкі нарықты отандық құс етімен қамту үшін жыл сайын миллардтаған қаражат бөлінеді. Мәселен, 2023 жылы 32 құс етін өңдіретін кәсіпорынға 22 млрд теңге көлемінде субсидия берілген. Алайда мемлекеттің қайтарымсыз беретін бұл қаражатының ішкі нарыққа тиімділігі төмен болып отыр.