Жаңалықтар

Қосылған құн салығы: базарда сауда жасайтын, дүкені, мейрамханасы бар кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық

Базарда істейтін, дүкені, мейрамханасы бар кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық/Фото: shutterstock

Қосылған құн салығына байланысты өзгерістер азық-түлікпен байланысты емес қырыққа жуық кәсіп түріне әсер етпейді. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин мәлім етті.

Оның сөзінше, бөлшек саудамен шұғылданатын азық-түлікке қатысты, қатысты емес салалар жұмысты қазіргі салық тәртібі бойынша істей береді.

«Жеміс-жидек сататын дүңгіршектер, үй жанындағы дүкендер жұмысын бұрынғыдай жалғастыра береді. Олар алаңдамаса да болады», – дейді ол.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тізімді толықтыра кетті.

Министрдің айтуынша, базарда сауда жасайтындар, мейрамхана, қонақүй саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер үшін өзгеріс болмайды. Олар бұған дейін қалай бөлшек салық бойынша жұмыс істеп келсе, ары қарай да солай істей береді.

Бүгін Үкімет мүшелері Алматыда кәсіпкерлердің басын құрап, қосылған құн салығының мөлшерлемесі өсірілетініне байланысты талқы өткізді. Жиын барысында жеңіл өнеркәсіп пен туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер салық реформасы саланың дамуына тұсау салатынын айтты. Үкімет мүшелері келіп түскен ұсыныстарды жинап, қарастыратынын жеткізді.

Кездесуде министр Жұманғарин жаңа реформа аясында екінші деңгейлі банктер мен құрылыс компанияларына қосылған құн салығын енгізу көзделіп отырғанын, алайда кейінгісіне кей депутаттар қарсы шыққанын атап өтті.

Сондай-ақ бұған дейін ауыл шаруашылығы өнімдері қосалқы құн салығынан босатылатыны хабарланған.