Кино және креативті экономика: Қазақстан киноөндірісінің жағдайы қалай?

Жарияланды
Қазақстан киноиндустриясы қалай дамып жатыр / Фото: shutterstock.com/

Кино – елдің мәдени мұрасын қалыптастыратын өнер ғана емес, сонымен қатар инвестиция тартуға ықпал ететін және түрлі салалардың дамуына серпін беретін маңызды экономикалық ресурс.

Қазақ киноиндустриясы посткеңестік кезеңде жаңа идеялар мен формалардың пайда болуымен қарқынды дамуға бет алды. Ал соңғы жылдары мемлекет киноөндірісті мәдени сәйкестікті нығайту және экономикалық өсудің құралы ретінде белсенді түрде қолдап келеді.

Қазақстандағы кино индустриясы соңғы жиырма жылда айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. 2001 жылдан 2023 жылға дейінгі деректер көрсеткендей, кинотеатрлар саны, көрермендер ағыны және көрсетілімдерден түскен табыс сияқты негізгі көрсеткіштерде тұрақты өсім байқалады. Бұл өзгерістер елдегі мәдени және экономикалық даму, сондай-ақ технологиялық жетістіктермен тығыз байланысты.

Ең ірі киноөндіруші елдер

Кино – креативті экономиканың басты тіреушісі

Кино – креативті экономиканың маңызды құрамдас бөлігі әрі мемлекеттің ЖІӨ-сінің өсуіне айтарлықтай үлес қосатын сала.

Мысалы, Ұлыбританияда шығармашылық индустрия 2,1 миллион адамды жұмыспен қамтып, жыл сайын ЖІӨ-ге шамамен £116 млрд қосады. Егер басқа да жанама шығындарды есепке алсақ, бұл көрсеткіш жалпы экономикаға £178 млрд (GVA) көлемінде үлес қосады.

Оңтүстік Кореяның креативті экономикасы кино, видеойын, драма және музыка салаларында көшбасшылық танытып, бүгінде 680 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл сектордың жылдық сатылым көлемі 115 млрд долларды құраса, экспорттан түсетін табыс 10,3 млрд долларға жетеді.

АҚШ-та 2021 жылы креативті экономика ЖІӨ-нің 4,4 пайызын немесе шамамен 1 трлн долларды құрады. Мәдениет пен өнер секторында 4,9 млн адам жұмыс істеген, бұл пандемияға дейінгі 5,2 млн көрсеткішінен төмен. Дегенмен, стримингтік қызметтер мен веб-публикациялар инфляцияны ескергеннің өзінде 171,3 млрд доллар табыс әкеліп, АҚШ-тың мәдени және өнер индустриясындағы ең ірі секторға айналды. Ал кино өндірісінің 2021 жылғы пайдасы 68,9 млрд долларды құрады.

Қазақстан 2025 жыллы креативті экономиканы 5%-ға дейін арттырмақ

Қазақстан да креативті экономиканы дамытуға басымдық беріп отыр. 2021-2025 жылдарға арналған Креативті индустрияларды дамыту тұжырымдамасы аясында бірнеше маңызды мақсаттар қойылған:

  • 2025 жылға дейін креативті экономиканың ЖІӨ-дегі үлесін 5%-ға жеткізу (2021 жылы бұл көрсеткіш 3,14% болған).
  • Креативті индустрияларда жұмыспен қамтылғандар санын 4%-ға арттыру.
  • Саладағы шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, олардың санын 1,5 есеге көбейту.

Бұл мақсаттар елдегі креативті сектордың өркендеуіне ықпал етіп, экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталған.

Қазақстандағы кинотеатрлар саны қанша

Кинотеатрлар санының артуы

2001 жылы Қазақстанда 68 кинотеатр жұмыс істесе, 2023 жылы олардың саны 108-ге жетті. Бұл өсім елдегі урбанизация, халықтың киноға деген қызығушылығының артуы және киноиндустрияның коммерциялық әлеуетінің кеңеюі арқылы түсіндіріледі. Ең көп кинотеатрлар Алматы және Астана қалаларында орналасқан, бұл қалалардың халық саны мен экономикалық дамуының жоғары деңгейіне сәйкес келеді.

2023 жылы ресми деректерге назар аударсақ жаңадан құрылған Ұлытау облысында бірді бір кинотеатр тіркелмеген. 2023 жылғы статистикалық деректер бойынша, 118 кинематографиялық ұйымның басым көпшілігі, атап айтқанда 89-ы жеке меншікке жатады, демек кино көрсетілімде жеке сектор үлесі басымырақ.

Ал мемлекеттік меншікке 25 ұйым кіреді. Жеке ұйымдардың 29-ын жеке кәсіпкерлердің құрауы – салаға кіші бизнестің де қатысымы бар екендігінің дәлелі. Ал шетелдік меншіктің саны 4 ұйыммен шектелген.

Көрсетілімдер саны мен көрермендер ағыны

Киносеанстар саны 2002 жылы 69 600 болса, 2012 жылға қарай бұл көрсеткіш 420 135-ке жеткен. Көрермендер саны 2002 жылы 2.8 миллионнан 2023 жылы 13 миллионнан асты. Бұл көрсеткіштер Қазақстан халқының киноға деген қызығушылығының артуын және киноиндустрияның ел мәдениетіндегі рөлінің күшеюін көрсетеді.

Кинотеатрлар табысы қанша

Табыстың өсуі

Кино көрсетуден түскен табыс 2002 жылы 634 миллион теңгені құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш ондаған миллиард теңгеге жетті. Табыстың өсуі билеттердің бағасының өсуімен, кинотеатрлардың техникалық жабдықталуының жақсаруымен және көрсетілімдер санының артуымен байланысты. Коновирус кезінде кинотеатрлардың табысы айтарлықтай 3 есеге жуық азайып, 2021 жылдан бастап біртіндеп қалпына келе бастаса, 2022 жылы ковидке дейінгі кезеңге оралып, табыс көлемі артты.

Ұлттық және шетелдік фильмдер

Қазақстандағы кинематографиялық ұйымдардың қызметі шетелдік фильмдерді көрсетуге бағытталғанымен, соңғы жылдары ұлттық фильмдер саны да арта бастады. 2011–2012 жылдардан бастап ұлттық киноөндіріс қарқын алып, көрермендер арасында танымал бола бастады.

Бұл отандық режиссерлер мен продюсерлердің шығармашылық әлеуетінің артуымен, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың нәтижесі. Ұлттық фильмдер тек қазақстандық көрермендер арасында ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал бола бастады.

Мысалы, соңғы жылдары «Қазақфильм» киностудиясы мен тәуелсіз продюсерлер түсірген бірнеше фильм халықаралық кинофестивальдерде жүлделерге ие болды. Бұл жетістіктер ұлттық мәдениетті насихаттауға және қазақстандық режиссерлердің шығармашылық қабілеттерін әлемге танытуға ықпал етті. Сондай-ақ, отандық фильмдердің кассалық табыстарының өсуі ұлттық киноның коммерциялық тартымдылығын арттырды.


Деректі, анимациялық және қысқа метражды фильмдер
санының өсуі қазақстандық киноның жанрлық әртүрлілігі артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл аудиторияның талғамына бейімделуге және киноның әртүрлі әлеуметтік топтар арасында танымал болуына ықпал етуде.

Аймақтық деңгейде киноқызметтердің дамуы әртүрлі. Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұрса, облыс орталықтарында кинотеатрлардың саны мен көрсетілімдер көлемі салыстырмалы түрде төмен.

Өткен аптада киноиндустрия саласында кассалық табыс бойынша көшбасшы өзгерді. Бұған дейін жақсы табысқа жеткен «Мәди in China» фильмі екінші орынға ығысып, бірінші орынға Гүлнұр Мамасарипованың «Кәрі қыз» картинасы көтерілді.

Сондай-ақ оқыңыз