![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/qarmet-2-1024x576.png)
Qarmet (бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау») ArcelorMittal компаниясы алдындағы жоспарланған міндетті транштың бірінші бөлігін төледі. Бұл туралы 2024 жылдың төртінші тоқсанындағы қаржы есебінде жазылған.
Құжатта мәміле құны жазылмаған. Бірақ Qarmet төрт жыл ішінде үнді кәсіпкері Миттал компаниясына 450 млн доллар төлеуі керек.
2023 жылы 8 желтоқсанда ArcelorMittal өзіне тиесілі «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясына иелікті Қазақстан үкіметіне қайтарып берді. Өз кезегінде мемлекет кәсіпорынды қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьевтің Qazaqstan Steel Group компаниясына басқаруға берді.
Qarmet-тің қарызы жайлы жаңалық ArcelorMittal-дың Қазақстандағы активтерін Лаврентьевке сату кезінде-ақ белгілі болған. Мәміле сомасы 286 млн долларды құрады, ал Qarmet өз мойнына алған AMT мен «АрселорМиттал Ақтау» компанияларының бұрынғы иесіне қарызы – 700 млн долларға жетті. Оның ішінде 250 млн доллар – қысқа мерзімді ішкі топтық міндеттемелер, ал 450 млн доллар – ұзақ мерзімді борыш. Компания бұл соманы төрт жылға бірдей көлемде бөлу туралы шешім қабылдады.
Ал компанияның ішкі дамуы үшін Qarmet Қытай банктерінен 1,3 млрд доллар қарыз алмақшы. Сондай-ақ жобалары үшін қазақстандық банктер және халықаралық даму институттарымен де келіссөз жүргізіліп жатқаны хабарланған еді.
Өз кезегінде Қазақстаннан кеткен Arcelor Mittal Қарағанды облысының әлеуметтік дамуы үшін «Қазақстан халқына» қорына 16 млрд теңге бөлуі қажет еді. Оны 2023 жылы 29 желтоқсанда өтеді.