Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС қозғалысы сектордағы тұтқындарды сенбі күні түске дейін босатпаса, Израиль армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторында әскери қимылдарды қайта бастайтынын мәлімдеді.
«Егер ХАМАС біздің тұтқындарымызды сенбі күні түске дейін босатпаса, уақытша бітім аяқталады,. Ал ЦАХАЛ ХАМАС толық талқандалғанға дейін соққыларын жалғастырады», – деді Нетаньяху әскери кабинет мүшелерімен кездесуден кейін жарияланған мәлімдемесінде.
Нетаньяхудың айтуынша, ХАМAС келісімді бұзып, тұтқындарды босатудан бас тартқан. Осыған байланысты Израиль әскеріне Газа секторында және оның айналасында күштерді шоғырландыруды бұйырғанын хабарлады.
АҚШ-тың президенті Дональд Трамп та ХAМАС-қа ультиматум қойып, егер сенбі күні түске дейін барлық тұтқын босатылмаса, «нағыз тозақ басталатынын» ескертті.
Айта кетейік, ХАМАС бұған дейін Израильді бітім шарттарын орындамады деп айыптап, тұтқындарды босатудың келесі кезеңін кейінге қалдыруға ниетті екенін мәлімдеген. Израиль жағы мұны келісімді бұзу деп бағалады.