Жаңалықтар

Балалар хирургиясының негізін қалаған академик Камал Ормантаев дүниеден озды

Камал Ормантаев
Камал Ормантаев дүниеден өтті / Фото: ашық дереккөз; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бүгін, 12 ақпанда, хирург, медицина ғылымдарының докторы, академик Камал Ормантаев дүниеден өтті. Бұл туралы өзінің фейсбук парақшасында ұлы Жарас Ормантай хабарлады.

«Бүгін түнде ардақты әкем, қазақстандық балалар хирургиясының негізін қалаушы – академик Камал Ормантаев өмірден озды», – деп жазған ол.

Камал Сәруарұлы Ормантаев – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі әрі ғылым қайраткері. Ол Қазақстандағы балалар хирургиясының бастауында тұр.

Академик балалардың бассүйегі мен миы зақымданған жағдайда қолданылатын емдеу әдістерін жетілдіріп, оның патогенезін анықтауда кешенді зерттеулер жүргізген. Сонымен бірге бассүйек пен миға жасалатын операцияның 5 түрлі әдісін өз тәжірибесінде сәтті қолданған. Бұдан бөлек нейрохирургия, травматология, комбустиология, урология, өкпе хирургиясы және т.б. салалар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізген.

Ғалым 1968 жылдан бастап 2012 жылға дейін ҚазҰМУ-да балалар хирургиясы кафедрасын басқарған. 43 жыл ішінде оның қолынан 1500-ден астам дәрігер болашаққа жолдама алып, көбісі облысаралық балалар хирургиясы бойынша ұлттық орталықтардың жетекшілері, кафедра меңгерушілері тәрбиеленіп шыққан.  

Дәрігер өз қызметі барысында 14 мыңнан астам балаға әртүрлі деңгейде ота жасап, 130-дан астам медицина кандидаты мен докторларды даярлаған.