![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/zajytov-1024x576.png)
Ринат Зайытов алаяқтық жолмен рәсімделген несиені банктердің өзіне жүктеуді ұсынды. Депутат мұндай талап қойылса, банктердің киберқауіпсіздікке мүдделі болып, алаяқтық жағдайлар азаятынын айтты.
«Бұған қатысты міндетті банкке жүктеп қойшы, шешімін өздері-ақ табады. Банктер киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек. Бірақ оған ақша шашқысы келмейді. Тиісті маманды жалдағысы келмейді. Неге? Өйткені алаяқтардың әрекетінен банктер зиян шегіп жатқан жоқ, керісінше пайда көріп жатыр. Аялақтардан жапа шеккен адам ол ақшаны көрген жоқ, жаратқан жоқ. Әділі сол, олар мұндай несиені төлеуден босатылуы керек», – деді депутат.
Мәжіліс отырысында Зайытов осы мәселені көтеріп, Бас прокурорға да сауал жолдады. Онда депутат қазақстандықтардың цифрландыру секілді жаңашылдықтың пайдасымен бірге, зиянын да қатар көріп отырғанын атап өткен.
Айтуынша, осы жаңа технологияларды пайдалана отырып, халықты алдауға көмектесіп жатқандардың арасында банк қызметкерлері мен жергілікті атқару органдарының өкілдері де бар.
«Өкінішке қарай, жазықсыз жем болған жандардың жағдайын ұғып жатқан Үкімет те, банктер де көрінбейді. Ал көптеген алаяқтық жасау фактілерінде не банк, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуымен болғаны дәлелденген», – дейді ол.
Мысалы, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар 90 зейнеткердің шотындағы ақшасын жымқырған. Ал Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында банк қызметкерлері азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескен.
Депутаттың мәліметінше, биылғы жылдың қаңтар, ақпан айларында банк қызметкерлерінің қатысуымен жасалған кибералаяқтық бойынша 15 іс тіркелген. Бұдан бөлек Қылмыстық Кодекстің 254 – бабы, мiндеттерiне адал қарамау фактсі бойынша 17 іс қозғалған.
«Шоттарындағы қаржының сақталуына жауапты банктер болғандықтан, кибералаяқтықтан келген зардап пен барлық шығынды Банктерге өз тарапынан өтеу міндетін жүктеуді ұсынамыз», – деді депутат.
Бұл мәселені осыған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов та көтерген. Депутат алаяқтық фактілерге банктердің қатысы бар-жоғын анықтауды сұрап, заңсыз рәсімделген несиені банктердің өзіне жүктеуді ұсынған. Өйткені алаяқтық фактісі әшкере болған күннің өзінде соттар банк мүддесіне шешім қабылдап, жәбірленушілер сол несиені қайтаруға міндеттеледі. Депутат мұны әділетсіз деп санайды.