Жаңалықтар

Ақтау қаласында бала күнінен мүгедек жас жігітті ұрлап, зорлап кеткен

Ақтау қалалық полициясы мүгедек жігіттің зорланғаны туралы ақпаратты растап отыр/фото: KursivMedia мұрағаты

Ақтау қаласында бала күнінен мүгедек 18 жасар жігітті зорлап кеткен. Оқиға адвокат Ажар Әбділдің айтуынша, 2024 жылы 27 желтоқсанда болған.

«Сараптама жасалмаған»

Жәбірленушінің анасы Ақтау қаласының Полиция басқармасына дереу арызданған.

«Осы уақытқа дейін қажетті сараптамалар тағайындалған жоқ. Бейнежазба камераларының жазбасы алынбады. Ол жерде ақ джиптің қорғансыз адамды қала орталығында әкетіп бара жатқаны көрінеді. Бұл көліктің бағытын анықтау оңайға түседі», – деп жазды адвокат.

«Күдіктілер анықталмады»

Адвокаттың сөзіне қарағанда, Маңғыстау облысы прокуратурасы 2 ай бойы бейнежазбаны сақтап келген. Ажар Әбділ осы іспен айналысып жүрген тергеушіге қоңырау шалып ала аламай жүргенін алға тартып отыр. Қорғаушының айтуынша, қала көшелерінде қаптаған камера тұрса да, күдіктілер әлі күнге дейін анықталмаған.

«Жәбірленушінің анасы жергілікті полицияға сенбейді. Өйткені алғашқы сағаттарда маңызды тергеу әрекеттері жасалмаған. Бұл жағдай туралы маған қазір ғана белгілі болып отыр. Себебі тәулік ішінде бірқатар өтініш беріледі», – дейді адвокат.

Ақтау полициясының дерегі

Ақтау қалалық полициясы мүгедек жігітті зорлап кеткені туралы ақпаратты растап отыр.

«Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті сараптама тағайындалды. Бейнебақылау камераларының бейнежазбалары зерделеніп жатыр», – дейді Ақтау полициясының баспасөз қызметі.

Полиция адвокаттың сөзін терістеді

Полиция мәліметінше, полиция департаментінің басшылығы бұл істі өз бақылауына алған.

«Қазір тергеу жалғасып жатыр. Бейнежазба жоқ деген ақпарат шындыққа жанаспайды», – делінген жергілікті полицияның хабарламасында.

Мұның алдынды Ақтауда бір топ ер адам ұрлап, зорлық көріп, ақырында өзіне қол жұмсаған Алина Серікованың ісі бойынша апелляциялық сот аяқталды. Бес күдіктінің бірі өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты.