Солдаттардың өлімі әлімжеттіктен емес – Қорғаныс министрінің орынбасары

Жарияланды
Қорғаныс министрінің орынбасары әскердегі өлім-жітімді нөлге жеткізуге уәде берді/ Фото: ҚР ҚМ баспасөз қызметі

«Солдаттардың өлімі әлімжеттіктен жиілеп жатыр» деген пікірді Қорғаныс  министрінің  орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев жоққа шығарды. Оның сөзіне сенсек, былтыр тек 3 солдат қана опат болған.

«Әлімжеттік анықталмады»

«Мерзімді әскери қызметкерлердің қазасына қатысты істердің ешқайсысында да жарғыдан тыс қарым-қатынасты бұзу анықталған жоқ», – деді министрдің орынбасары.

Жазықбаев әскердегі өлім-жітімнің көптігін де жоққа шығарды.

«Қазір нақты цифрлар менің қолымда жоқ. Қателесуіміз мүмкін. Меніңше, былтыр әскери қызметшілердің арасында 3 суицид болды. Ал әлеуметтік желілерде 90-нан бастап 272 суицид болды деген цифрлар жүр. Бұл бұрмаланған сандар», – деді Жазықбаев.

«Нөлге жеткіземіз!»

Оның сөзіне қарағанда, солдаттардың өлімі әлімжеттіктен «жиілеген» деген тұжырымның өзі дұрыс емес. Жыл сайын статистика мұндай қайғылы жағдайлардың кеміп келе жатқанын көрсетіп отыр екен.

«Біз мұнымен тоқтамаймыз. Нөлге жеткізуге тырысамыз. Бізге берілген тапсырма – осы», – деді Жазықбаев.

Министрдің орынбасарының айтуынша, әскердегі солдаттар арасындағы өлім-жітім статистикасы жасалады.

«Өлім-жітім азайып жатыр»

«Бізде статистика бар. Бәрін қарастырамыз. 2020 жылдан бастап мерзімдік әскери қызметкерлер 12 мыңға дейін көбейді. Бірақ статистика бойынша, өлім-жітім жыл сайын төмендеп жатыр», – деді Жазықбаев.

Министрдің орынбасары ұлының әскери борышын өтеп келгенін айтты.

Орынбасар қандай сөгіс алған?

Ол офицер ретінде қандай жазаға тартылғаны жөнінде де пікір білдірді. Бірақ оны нақтылауды жөн көрмеді.

«Жазалану шараларына келсек, тәртіптік жарғы бойынша барлық жаза қолданылады. Қарулы күштердің тәртібі бойынша ауызша және жазбаша сөгістердің күші бірдей», – деді ол. 

Мұның алдында Маңғыстау облысында әскери борышын өтеп жүрген солдат Марат Барқұловты бетінен атқан лейтенант Дамир Досов 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз