Реттеуші Вячеслав Ким-нің Jusan Bank акцияларын сатып алатыны жайлы ақпаратты растай алмады
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/kaspi-vyacheslav-kim-direktor-kaspi-osnovatel-kaspi-lomtadze-1024x576.png)
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Kaspi.kz-тің тең иесі Вячеслав Ким Jusan Bank акцияларының 97,5%-ын сатып алмақшы екендігі жайлы ақпаратты растай да, жоққа да шығара алмады.
ҚНРДА түсіндіруінше, азаматтар арасындағы мәміле коммерциялық құпия деп есептеледі. Бірақ ұйымның атап өтуінше, алдын ала жазбаша келісімсіз ешбір тұлға өздігінен немесе басқа бір тұлғамен бірлесіп, банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін алу құқығын ала алмайды. Ал келісім мәтіні агенттік сайтында өтінім берген уақыттан бастап 50 күн ішінде жарияланады.
Бұған дейін 2025 жылдың 5 ақпанында Forbes басылымы өзінің дереккөзіне сүйене отырып, Вячеслав Ким Ғалымжан Есеновқа тиесілі Jusan Bank-тың бақылау пакетін сатып алуға қызығып жатқаны жайлы жазған.
Jusan Bank-ті кімнен сатып алмақшы?
2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, Jusan Bank акцияларының 97,5%-ы кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі. Оның 19,67%-ы тікелей өз меншігінде (бұл үлестің негізгі бөлігі 2023 жылдың шілде айында сатып алынған), ал 77,86%-ы First Heartland Securities арқылы иеленген.
2023 жылдың жазында First Heartland Securities компаниясының 97,98% акциясы бұрынғы иесі – британдық Jusan Technologies компаниясынан Ғалымжан Есеновтің меншігіне өтті.
Бұл акцияларды беру бірнеше айға созылған сот процесінің нәтижесінде жүзеге асты. 2023 жылдың ақпанында Бас прокуратура Алматы сотына Jusan Bank-ті Қазақстан юрисдикциясына қайтару туралы талап арыз берген. 2023 жылдың қыркүйегінде Есенов банк акцияларының бақылау пакетін иеленіп, қалған 2% үлесті миноритарлық акционерлерден сатып алуды талап етті.
Кимнің жоспары қандай?
Вячеслав Ким – Kaspi.kz акционері (финтех-компаниядағы үлесі – 20,39%), сондай-ақ «Алсеко» компаниясының мажоритарлық акционері және Magnum Cash&Carry бөлшек сауда желісінің түпкілікті бенефициары. Бұл туралы Forbes деректерінде көрсетілген.
Forbes Kazakhstan мәліметі бойынша, Ғалымжан Есенов Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкерінің қатарына кіреді. 2024 жылғы рейтингте ол 15-орында тұр, оның байлығы $590 млн деп бағаланған. Вячеслав Ким бұл тізімде $5,8 млрд капиталымен бірінші орынға жайғасқан.
2025 жылдың 29 қаңтарында «Курсив» Kaspi.kz-тің түрік маркетплейсі Hepsiburada акцияларының 65,41%-ын $1,1 млрд-қа сатып алу келісімін аяқтағанын жазды. Kaspi.kz маркетплейстің бас компаниясы D-Market Electronic Services & Trading-тің 40 млн А класындағы және 173,2 млн В класындағы акцияларын иеленді.
2024 жылдың 19 маусымында Kaspi.kz басшысы және тең иесі Михаил Ломтадзе компанияның бизнесті кеңейту мақсатында Шығыс Еуропа мен Өзбекстан нарығына шығуды қарастырып жатқанын айтты. Сол жылдың мамырында ол Англияның үшінші дивизионында өнер көрсететін Wycombe Wanderers футбол клубын сатып алды.