Қосылған құн салығы ішкі туризмді де «өлтіре» ме
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/tourism-tax-1024x576.png)
Егер қосылған құн салығы төмендемесе, ішкі туризмге үлкен қауіп төніп тұр. Жүздеген кәсіпкерлер қайта көлеңкеге кетуі мүмкін. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен кездесуде сала мамандары осындай пікір білдірді.
«Өткен жылы біз үлкен жұмыс атқардық, көлеңкеде жүрген қаншама кәсіпкерлерді анықтадық. Қазір 300-ге жуық кәсіпкермен жұмыс істеп жатырмыз. Егер салық шегін түсіретін болса, қайтадан кәсіпкер көлеңкеге кетеді. Біз басқа елдермен салыстырғанда, бәсекелестікті жоғалтамыз. Ішкі туризм қауіптің алдында тұр», – деді Еуразиялық туризм қауымдастығының мүшесі Әсем Қозбағарова .
Қозбағарованың сөзінше, қазір кірме туризм үшін қосылған құн салығы 0% деңгейінде. Ішкі туризм үшін дәл сол мөлшерлемені сақтап қалу керек дейді. Бұл салада жеңілдік беретін шетелдік тәжірибені де мысалға келтірді.
«Әзербайжанда салық шегі 60 млн теңгеге дейін сақталған. Егер компанияда 3-10 адам болса, оларға жеңілдік береді. Яғни жеңілдетілген салық режимімен жұмыс істейді. Гид, дәмхана, демалыс базалары үшін сондай нөлдік мөлшерлемені сақтап қалуға бола ма? Олар қайта көлеңкеге кетуі мүмкін», – деп cұрады Әсем Қозбағарова.
Министрлік «мұндай ұсыныстарды жинап қарастырамыз» деп қысқа қайырды.
Күні кеше Серік Жұманғарин ҚҚС бойынша жаңа өзгерістер жайлы айтқан еді. ҚҚС экономиканың барлық саласына бірдей салынбайды, белгілі бір салалар босатылатын болды.