24 наурыздан кейін телефоныңыз блокқа түспес үшін IMEI-кодты қалай тексеру керек

Жарияланды 12 Ақпан 2025 11:10

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

IMEI-кодты қалай тексеруге болады / Фото:shutterstock

Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігі 24 наурыздан бастап тіркелмеген, «қара тізімге» енген смартфондарды бұғаттауы мүмкін деген жаңалық тарады. «Қара тізім» деген не және оған енбес үшін не істеу керек?

«Қара тізімге» қандай телефондар жатады?

  • IMEI-коды дұрыс емес немесе өзгертілген телефондар.
  • Зауыттан шыққанда берілетін арнайы коды жоқ құрылғылар.
  • Арнайы GSMA базасында ұрланған немесе жоғалған деп тіркелген гаджеттер.
  • Кедендік рәсімдеуден ресми түрде өтпеген телефондар.

Осы белгінің бірі болса, ол телефон «қара тізімге» енді дегенді білдіреді және оны министрлік бұғаттап тастайды.

IMEI-код деген не және оны қалай тексереді?

Телефоныңыз қара тізімге кірмеу үшін ең басты мән беру керек нәрсе – IMEI код.

IMEI – бұл кез келген телефонға берілетін уникалды код. 15 цифрдан тұрады. Сол цифрларда телефон шыққан елдің коды және смартфонның қайталанбайтын сериялық номері жазылады.

Ол жай ғана код емес. Телефон ұрланса не жоғалып кетсе, дәл осы сандар арқылы табуға мүмкіндік бар. Егер гаджетіңізді бір ғана SIM карта болса, бір IMEI код, екі SIM карта болса, екі IMEI код беріледі.

IMEI кодты тексеру әдістері:

  • Кез келген телефонның қорапшасында жазулы тұрады, сол жерден қарай аласыз.
  • Егер сыртқы қорапшасы болмаса, *#06# – командасын терсеңіз, экранда IMEI код жазылады. (Iphone және Android үшін де)
  • Ihone-да: Баптаулар → Негізгілер → «Бұл құрылғы туралы → IMEI код
  • Android-та: Баптаулар → Телефон туралы → Барлық параметрлер→ Жалпы ақпарат → IMEI код
  • Батырмалы телефондарда IMEI код аккумулятордың астында жазулы тұрады

IMEI кодтың «таза екенін» қайдан білеміз?

IMEI-кодыңызды білген соң, телефонның «таза», заңды тіркелгенін интернеттен анықтауға болады. Мәселен, мына жерге немесе мына жерге IMEI-кодыңызды жазсаңыз, сізге қажетті мәліметті шығарып береді.

Ұсталған телефонды сатып алса ше?

Егер бұрын ұсталған телефон сатып алсаңыз, алдымен міндетті түрде IMEI-кодын тексеріп алыңыз. Мүмкіндігінше, смартфонды тек ресми сатушылардан ғана сатып алған дұрыс.

Телефонды кім бұғаттайды?

Министрліктің бұйрығымен, мобильді құрылғыларды Идентификациялық код деректер базасының операторы (ИКДБ) тексереді. Бірақ олар телефонды бірден бұғаттамайды. Алдымен гаджетіңіз қай тізімге енетініне байланысты. Олар:

  • Ақ тізім – ресми түрде тіркелген, рұқсат етілген мобильді құрылғылар
  • Сұр тізім – деректері әлі нақтыланбаған телефондар. Егер смартфоныңыз осы тізімге енсе, сізге 30 күн уақыт беріледі. Сол аралықта заңды түрде рәсімдеп үлгеруіңіз керек.
  • Қара тізім – ұялы байланыс қызметіне тыйым салынған, ұрланған, тіркелмеген мобильді құрылғылар. Телефон бұл тізімде болса, автоматты түрде бұғатталады
Сондай-ақ оқыңыз