Банк пен қаржы

Ұлттық банк зейнетақы қорындағы қаражатты қайда инвестициялап жатыр

Зейнетақы активі жылдан-жылға ұлғайып жатыр / Фото: shutterstock

Дәл қазір зейнетақы активі 22,4 трлн теңгеге жетті. Бұл 2024 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 26%-ға көп. 2014 жылы зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға шоғырландыру аяқталған сәттен бастап 10 жыл ішінде активтер 5 есе өскен. Бұл туралы Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхан мәлімдеді.

Теңгедегі портфел қайда жұмсалады?

2025 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, теңгедегі портфель көлемі 13,4 трлн теңгені құрады. Бұл БЖЗҚ зейнетақы активтерінің шамамен 60%-ына тең.

«Теңгелік портфель құрылымында Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары – шамамен 70%, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің облигациялары шамамен – 15%, екінші деңгейлі банктердің облигациялары – 7%«, – деп жазылған реттеуші хабарламасында.

Ұлттық Банк өкілінің сөзінше, қазір мемлекеттік бағалы қағаздар ел нарығындағы ең сенімді әрі өтімді қаржы құралы саналады. Осы жылы да зейнетақы активін мемлекеттік құнды қағаздар, квазимемлекеттік сектор мен банктердің облигацияларына инвестициялау жалғасады.

Валюта портфелінің көлемі қандай?

2025 жылғы 1 қаңтарындағы есеп бойынша, шетелдік валютадағы портфель көлемі – 17,2 млрд доллар немесе 9 трлн теңге. Бұл қаражат БЖЗҚ зейнетақы активінің 40%-ын құрайды.

Нұржан Тұрсынханның түсіндіруінше, валюталық позиция болуы зейнетақы активтерін әртараптандыруға, инвестиция ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Қордағы валюталық актив бөлігі АҚШ қазынашылық облигациялары мен дамушы елдердің мемлекеттік құнды қағаздарына салынады.

«Маңыздысы – валюталық портфельдің активтері индекстік негізде басқарылады, индекс таңдаулы инвестиция нарығындағы көптеген бағалы қағаздан тұрады. Мысалы, акциялар индексі Apple, Microsoft, Tesla және басқа да компаниялардың 1 000-нан астам эмитентінен құралады», – деп жазылған мәлімдемеде.

Былтыр, 2024 жылы БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерінің табысы 17,84%-ды құрады. Ал Ұлттық Банктегі депозиттер құны – 696,61 млрд теңге. Олардың портфельдегі үлесі – 3,11%.