Қайрат Сатыбалды мемлекетке 783 млрд теңгеге жуық актив қайтарды. Олар қайда жұмсалды?

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Сатыбалдының және басқа да жемқорлардың активтері әлеуметтік жобаларға жұмсалған / Коллаж: kursiv.media архиві

Назарбаевтың немересі інісі Қайрат Сатыбалдының мемлекетке қайтарған активтері қайда жұмсалып жатыр? Бұл сұраққа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов жауап берді.

Антикор не дейді?

Сарқұловтың айтуынша, Сатыбалдының және өзге де жемқорлардың активтері әлеуметтік саладағы жобаларға жұмсалған. 

«Қаражат әлеуметтік жобаларға пайдаланылды. Кеше ғана қайтарылған қаражат есебінен мектеп құрылысына қаржы бөлінгенін көрдім. Менің білуімше, Ұлытау облысының Қаражал қаласында мектеп құрылысына ақша бөлінді. Мен өзім де есептей бастадым: Қаражалда 27 мың оқушы білім алады, ал облыс небәрі 2–3 жыл бұрын ғана құрылды. Мұнда жаңа мектепке деген қажеттілік өте жоғары, өйткені сыныпта балалар толып  отыр,» – деді ол.

Сарқұлов жалпы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Ақмола облысының Зеренді қаласында да дене-шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатқанын айтты.

«Түркістан облысында өнер мектебі салынады. Осыдан бір апта бұрын ғана БАҚ-та Ақтау қаласында жаңадан жедел жәрдем ғимараты салынады деген ақпарат тараған болатын», –  дейді Сарқұлов. 

Қайрат Сатыбалдының қанша активі мемлекетке қайтарылды?

Айта кету керек, Қайрат Сатыбалды 2,5 жыл ішінде мемлекетке құны 783 млрд теңгеге жуық активтерді қайтарған. Осы уақытқа дейін оның 18 млрд теңгеге жуық активтері қайтарылған. Олардың қатарында Алматыдағы 2 ірі бизнес орталығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беделді ауданындағы элиталық үй бар.

Қайрат Сатыбалдыдан тінту барысында алынған 95 мың АҚШ доллары Арнайы мемлекеттік қорға аударылды. Сонымен қатар жүздеген миллион теңгеге эксклюзивті зергерлік бұйымдар, брендтік сағаттар, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар (көлемі 174 атау бар) мемлекетке қайтарылған.

Мұның алдында,192 млн теңгелік Rolls-Royce, 20 млрд теңгелік вилла және өзге де активтердің қайтарылғанын, Қайрат Сатыбалды мемлекетке қайтарған Kaisar Tower бизнес орталығы қыздар университетіне берілгенін, БАӘ, Аустрия, Лихтенштейннен 356 млн доллар қайтарғанын, Барахолкадағы құрылысы аяқталмаған павильон мен бизнес орталығын мемлекетке қайтарғысы келетінін, өзіне тағылған айыпты толық мойындағанын жазғанбыз.   

Сондай-ақ оқыңыз