Жаңалықтар

Жастарға жалға берілген пәтерлердің жайы: әкімдік соңғы сөзін айтты

Жастарға жалға берілген пәтерлер/Фото: kursiv.media

Алматыда бір топ жас қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына барып, өздеріне сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлерді сатып алуға мүмкіндік беруді сұрады. Жастармен кездесуге басқарма басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкіров шықты.

Мән-жайы

Жастар аталған 1-2 бөлмелі пәтерлерді 2019 жылы «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы аясында 5 жылға жалға алған. Сол аралықтар ай сайын 5-15 мың теңге аралығында төлеп келді. Бүгінде кейбірінің жалдау мерзімі аяқталса, кейбіреуінікі аяқталуға жақын. Жастар үйреніп, орнығып қалған пәтерлерін алғашқы жарна құйып, жеңілдетілген шарттармен ипотекаға рәсімдеп беруді сұрайды.

Басқарманың жауабы

Ғалымжан Әбдішүкіров бүгінгі күні аталған пәтерлерді жастарға қалдыру қарастырылып жатпағанын айтады.

– Бағдарламаның талаптарын бәріңіз білесіздер. Кезінде онымен танысып, келісіп, қол қойғансыздар. Бұл пәтер алғашқы жарна жинауға көмек болуы үшін берілген болатын. Енді «пәтерді қалдыр» деп отырғандарыңыздың негіздемесі жоқ. Бұл әрекеттеріңіз заңсыз, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Әкімдік не ұсынып отыр

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы жалға алынған пәтерлерде тұрып жатқан азаматтар қайда жұмыс істейтініне қарамастан, “Алматы жастары» бағдарламасына қатыса алатынын мәлім етті. Олар үшін бағдарламада «Жұмыс істейтін жастар» деген жеке санат ашылған. Соған құжат тапсыру керек.

Одан өтіп, жолдама алғандар «Отбасы банкте» төлем қабілеттігін растайды. Сол сәтте депозитте алғашқы жарна болуға тиіс. Одан да сәтті өткендер 20 млн теңгеге дейінгі сомаға пәтер іздейді. Қымбат үй алғысы келсе, арадағы айырманы өзі төлейді. Несие жылына 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Мерзімі – алдын ала мәлімет бойынша 19 жылға дейін.

Жастар бұған неге келіспейді

Жастарға жалға берілген пәтерлер/Фото: kursiv.media

Жастар бүгінде 20 млн теңгеге Алматыдан бір бөлмелі пәтердің өзі келмейді, бағдарлама шарттары тиімсіз деген пікірде. Олар одан да үйреніп қалған пәтерді рәсімдеп беруді сұрайды. Өйткені 5 жылда балалы-шағалы болып, тұрып жатқан екі бөлмелі пәтердің өзіне сыймай жатқанын жеткізді.

Әкімдіктің соңғы сөзі

Жастар қандай уәж келтіріп, ұсыныс білдіргенімен, Ғалымжан Әбдішүкіров «пәтердің жалға алу мерзімі ұзартылмайды, жылыту маусымы аяқталысымен босатылуы керек» деп кесіп айтты. Жастарға алғашқы жарна жинап, алдағы уақытта іске қосылатын «Алматы жастары» бағдарламасына қатысуға шақырды.

– Бүгінгі күні пәтерлерді сіздерге қалдыру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Келісімшарт мерзімі ұзартылмайды. Былтыр өздеріңіздей 20 азамат «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша үй алып кетті. Биыл мерзімі аяқталатын жастарды далада қалдырмайық деп бағдарлама қамтушыларының санын 1000 адамға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Соған қатысып, үйлі болуға мүмкіндіктеріңіз бар, – деді ол.

Ғалымжан Әбдішүкіров конкурс кезінде пәтерді жалдау мерзімі аяқталып қалған қатысушыларға басымдық берілетінін жеткізді.

Бұған дейін, 2025 жылы жастарға арналған ипотекаларды тізіп шыққан болатынбыз.