![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/kurs-tenge-rastet-1024x576.png)
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтің айтуынша, теңгенің әрі қарай әлсіреуіне негіз жоқ. Оның сөзінше, қазіргі 500 теңге – деңгейіндегі валюта бағамы экономикалық тұрғыдан негізделген.
Теңге бағамына қандай сыртқы факторлар әсер етті
Қасенов қазіргі уақытта девальвацияға себеп жоқ екенін атап өтті. Алайда болашақта бағам мұнай бағасының өзгеруіне байланысты ауытқуы мүмкін. Оның айтуынша, мұнай бағасы мен теңге, рубль секілді валюталардың арасында тығыз байланыс бар.
Тіпті, канадалық доллар да мұнай бағасына тәуелді және бұл қалыпты нарықтық үрдіс. Қазіргі мұнай бағасы теңге бағамының айтарлықтай ауытқуына себеп болмайды.
Санкциялар да әсер етеді
Ұлттық валюта бағамына әсер ететін қосымша факторлар – елдің төлем балансы, экспорттық тауарлардың бағасы, инфляция және пайыздық мөлшерлемелер.
Вице-министр санкциялардың теңге бағамына ықпалы туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, өткен жылдың күзіне қарай «Газпромбанкке» салынған санкциялар доллар бағамын 530 теңгеге дейін көтерді. Алайда кейін теңге қайтадан өзінің негізгі деңгейіне оралды.
«Мен мұны теңгенің нығаюы деп санамаймын. 2024 жылдың басында бағам 465 теңге болды, кейін 440 теңгеге дейін нығайды. Жаз айларында Ұлттық қордан аударылған трансферттер теңгенің нығаюына ықпал етті. Алайда олардың тоқтауымен теңге қайтадан шамамен 500 теңге деңгейіндегі негізгі мәндеріне оралды», – деп түсіндірді Қасенов.
13 ақпанда Қазақстан қор биржасында (KASE) доллар бағамы 499,15 теңге болды.
Теңге қаңтардың аяғынан бері үздіксіз күшейіп келеді. Ақпанның басында доллар аздап көтерілгені болмаса, ұлттық валюта бағамы 2024 жылғы қарашадағы көрсеткішке жақындады. Доллар бір айда 30 теңгеге арзандады.