![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/azat-peruashev-1024x576.png)
Қазақстандық банктер Ресеймен жұмыс істейтін отанды кәсіпорындарған несие беруден және төлем жүргізуден бас тартып жатыр. Бұл қаржы ұйымдарының АҚШ пен Еуроодақ санкцияларына ілігу қаупінен сақтануымен байланысты. Соның салдарынан, кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктері шектеліп, өндіріс көлемі қысқара бастады. Осы мәселеге байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі Азат Перуашев Үкімет пен Ұлттық банкке депутаттық сауал жолдады.
Банктердің сақтығы – кәсіпорындар үшін үлкен қауіп
Қазақстандық машина жасау кәсіпорындары соңғы уақытта өнімдерін экспорттау бойынша үлкен қиындыққа тап болып отыр. Негізгі себеп – банктердің санкциялар қаупіне байланысты. Ресеймен жұмыс істейтін компанияларға несие беруден және төлемдерін жүргізуден бас тартуы. Қаржы ұйымдары бұл әрекетін өндірілген өнімнің санкциялық тізімге ену ықтималдығымен және өздерінің қайталама санкцияларға ұшырау қаупімен түсіндіреді.
Банктер өз клиенттерінен Ресейге өнім экспорттамайтыны туралы кепілдік хат талап ете бастаған. Бұл өз кезегінде, экспортқа тәуелді өндірістік кәсіпорындар үшін айтарлықтай шығынға әкеліп отыр. «Ақ жол» фракциясының мәліметінше, осы себептен зауыттардың Ресейге экспорты 15%-ға қысқарған.
Еуроодақ Қазақстанда өндірілген өнімге санкция салмайды
Қазақстанға жуырда келген Еуроодақтың санкциялар жөніндегі елшісі Дэвид О’Салливан Еурокомиссия Қазақстанда өндірілген өнімнің Ресейге экспортталуына шектеу қоймайтынын мәлімдеген. Еуроодақ тек өз елдерінен Қазақстан арқылы Ресейге реэкспортталатын санкциялық тауарларға алаңдаушылық білдіреді.
Алайда, қазақстандық банктер үшін бұл мәлімдеме жеткіліксіз. Өйткені олар үшін басты мәселе – тауардың қай жерде өндірілгені емес, оның санкциялық тізімде бар-жоғы. Егер тауар санкциялық бақылауға ілінсе, банк SWIFT жүйесінен ажыратылу қаупіне тап болуы мүмкін. Осыған байланысты отандық қаржы ұйымдары сақтық шараларын күшейтіп отыр.
«Ақ жол» фракциясы Үкіметтен жауап күтеді
Осы жағдайға байланысты «Ақ жол» ҚДП депутаттары Үкіметке бірқатар сұрақ жолдады:
- Қазақстан Үкіметі отандық кәсіпорындарды қайталама санкциялар қаупінен қорғау үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?
- Қазақстандық банктерге осы жағдайды реттеу үшін қандай ұсыныстар берілуі мүмкін?
- Экспорттаушыларға қолдау көрсету үшін қандай қосымша тетіктер қарастырылып жатыр?
- Қазақстан халықаралық қаржы реттеушілерімен және дипломатиялық өкілдермен бұл мәселені шешу бағытында қандай келіссөздер жүргізіп жатыр?
Кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау қажет
«Бұл мәселе, әсіресе, экспортқа бағытталған жоғары технологиялық өндірістер үшін аса өзекті. Қаржы ұйымдарының сақтық саясаты оларды Ресей нарығынан шеттетіп, экономикалық шығындарға әкелуі мүмкін. Сондықтан Үкіметтің және Ұлттық банктің бұл мәселеге араласып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша нақты шешімдер қабылдауы маңызды», – деді Перуашев
АҚШ санкциялары әсерінен Қазақстаннан Ресейге ақша аудару қиындай түскен.