Lifestyle

Елена Рыбакинаға қорлық көрсеткен бапкер қатаң жазаланды

Елена Рыбакинаға қорлық көрсеткен бапкер қатаң жазаланды / фото: championat.com

Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаның бұрынғы жаттықтырушысы Стефано Вуковты бір жылға теннис қызметінен шеттетті. Бұл шешім Вуковтың Рыбакинаға психологиялық және физикалық қысым көрсеткені туралы айыптаулардан кейін қабылданды.

Тергеу барысында Вуковтың теннисшіні «ақымақ» деп атағаны және «мен болмасам Елена Ресейде картоп жинап жүрер еді» деген сөздері анықталды. Сонымен қатар, оның қатал жаттығу әдістері Рыбакинаның денсаулығына кері әсер етіп, жиі ауруларға шалдықтырғаны белгілі болды.

Стефано Вуков кім?

Стефано Вуков 2019 жылдан бастап Елена Рыбакинаның жаттықтырушысы болып, мансабында маңызды рөл атқарды. Вуковтың жетекшілігімен Рыбакина 2022 жылы Уимблдон турнирінде жеңіске жетті. Алайда, 2024 жылы спортшы мен бапкер арасында келісімшарт аяқталып, Вуков WTA тарапынан тәртіптік тергеуге алынды. 2025 жылдың қаңтарында Рыбакина Вуковты қайтадан командасына қосқысы келетінін мәлімдеді, бірақ WTA тергеу нәтижелеріне сүйене отырып, оны бір жылға шеттету туралы шешім қабылдады.

2024 жылы қараша айында, Елена жаңа бапкері ретінде атақты теннисші Новак Джоковичтің бұрынғы бапкер Горан Иванишевичпен жұмыс істейтінін мәлімдеген еді. Алайда қаңтар айында теннисші қайтадан бапкерсіз қалды.