Сәтсіз инвестиция, банкрот бола жаздаған банк. Кеңес Рақышев немен айналысады?

Жарияланды 13 Ақпан 2025 14:14

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Кеңес Рақышев: бизнес пен қайырымдылық / Фото: shutterstock

Кеңес Рақышев – Forbes тізіміндегі миллиардер, мұнай-кен орындарын иеленетін кәсіпкер. Бұған дейін ол венчурлық инвестор да атанды, банк те басқарды. Алғашқы инвестициялық жобаларына миллиондаған доллар салғанмен сәтсіз болды. Ал 2015 жылы Рақышев басқарған Қазақстандағы ең ірі банктың бірі қазір нарықта мүлде жоқ. Ең бай кәсіпкер немен айналысты? Дәулетін қалай жиды? Kursiv.media шолуында ұсынамыз.

Шенеуніктің баласы

Кәсіпкер 1979 жылы 14 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келді.

Бірақ қарапайым отбасында туған жоқ. Оның әкесі Хамит Рақышев тоқсаныншы жылдары Назарбаевтың қол астында жұмыс істеген. 1990 жылы ол Компартияның Орталық комитетінің Алматыдағы демалыс үйінің директоры болады. Көп уақыт өтпей-ақ, ҚР Президент Әкімшілігіндегі сауда бөлімінің басшысы етіп тағайындалады.

1993 жылы сол кездегі президент Назарбаевтың шешімімен жаңа құрылған Сауда-өнеркәсіп палатасы президиумының төрағасы болды. Бұл қызметте Хамит Рақышев өмірінің соңына дейін 14 жыл жұмыс істейді. 2007 жылы болашақ миллиардердің мансабы енді басталып жатқан шақта дүние салады.

Бұл уақытта Кеңес Рақышев халықаралық Oxford Saïd Business School бизнес-мектебінің дипломын алды. Оған дейін Қазақстан мемлекеттік заң академиясын және Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген.

Менеджерден директорға дейін

2006 жылға дейін Рақышев менеджерлік позицияда жұмыс істеді.

  • 2000—2002 жж.Intergas Central Asia компаниясында маркетинг бөлімінің басшысы.
  • 2002 ж.«ҚазТрансГаз» компаниясында халықаралық экономикалық қатынастар басқармасының басшысы.
  • 2003 ж.«ҚазМұнайГаз» сауда үйінде экспорт бойынша бас директордың бірінші орынбасары.
  • 2003—2004 жж.«ҚазТрансГаз» компаниясының вице-президенті.
  • 2004—2005 жж.«Меркурий» ЖШС бас директоры.
  • 2005 ж. – Қазақстанның Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті.

2006 жылы Рақышев SAT & Company холдингінің директорлар кеңесін басқарады. Компания 2008-2010 жылдары Қазақстан, Түркия және Қытайда ферромарганец, хром, никель кен орындарын сатып алып, ферроқұйма өндірісін жолға қойды.

Nasdaq-тағы алғашқы қазақ, Цукербергпен соттасу

2011-2012 жылдары Кеңес Рақышев венчурлы инвестор ретінде таныла бастады. Америкалық жоғары технологиялық Net Element атты компанияның акционерлерінің бірі және директорлар кеңесінің төрағасы болды.

2012 жылы Net Element NASDAQ қор биржасына шығады. Осылайша Рақышев «NASDAQ-тағы алғашқы қазақ» атанды.

Сол жылы Рақышев Fast Lane Ventures атты венчурлық қордың құрамына кіреді. Ол ұйым көптеген жобаға миллион доллар инвестиция салады. Бірақ тек бірнешеуі ғана сәтті болды. Соның бірі «Мамба» атты танысу қосымшасы және KupiVIP атты интернет-ритейлер.

2012 жылы Buzzsparks порталы Кеңес Рақышевтың инвестиция көлемін 72 млн доллар деп бағалап, топ 10 жеке инвесторлар тізіміне енгізеді.

2013 жылы Израильдің бұрынғы премьер-министрі Эхуд Ольмертпен бірге Genesis Angels атты венчурлық қор ашқан. Сол жылы күзде фото-видео контент салатын Mobli атты платформаға Рақышев 20 млн доллар инвестиция салды.

Mobli – қазіргі Инстаграм тәрізді фото, видео түсіріп жариялауға болатын сервис. Бірақ жобаның жұмысы алға баспайды. Бұл туралы Рақышевтың өзі сұхбатында айтқан еді.

«Біз корпоратив соғыстың қандай екенін сонда түсіндік. Бізді барлық жерде бұғаттай бастады. SMM жарнама, таратулар – барлығын», – дейді ол.

Ал Mobli -дың геолокацияға байланысты сурет жариялауға болатын функциясын Facebook сотқа береді. Цукерберг компаниясы технология тек әлеуметтік желіге тиесілі, басқа сервистер пайдалана алмайды деген айып тағады. Осыдан кейін жобаның жұмысы тоқтап, Mobli жабылады. Компанияны бірнеше бөлікке сатып жібереді.

Кеңес Рақышев – банкир

2014 жылы Кеңес Рақышев пен «Қазкоммерцбанк» АҚ сол кездегі «БТА Банк» АҚ-ны теңдей бөліп сатып алу жайлы келісімге келді. Әр тарап банктің 46,5%-ын иеленді. Ол үшін «БТА Банк» тиесілі болған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына 465 млн доллар төлеген. Осы мәміледен кейін «Қазкоммерцбанк» пен «БТА Банк» бірігуі керек еді.

2015 жылдың 19 қаңтары«Казкоммерцбанк» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жиналысында Рақышев банктің директорлар кеңесінің жаңа мүшесі болып сайланды.

Бұл жылдары Кеңес Рақышев банк секторы мен ритейл нарығында өзінің ықпалын күшейте түсті.

  • 2014 жылдың 13 наурызы – Кеңес Рақышев «Қазақстан инжиниринг» ҰК АҚ директорлар кеңесіне тәуелсіз директор ретінде қосылды.
  • 2015 жылдың қаңтары – Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрі болып тағайындалғаннан кейін, Рақышев компанияның директорлар кеңесінен кетті.
  • 2014 жылдың сәуірі – Кеңес Рақышев «Magnum Cash & Carry» сауда желісінің капиталына кіріп, оның стратегиялық инвесторы атанды.

2016 жылы «Қазкоммерцбанктегі» ықпалын тағы да күшейте түсті. Сол жылы сәуірде «Қазкомның» негізгі акционері болған Нұржан Сұбханбердинмен келісім аясында тағы қосымша құнды қағаздарын сатып алады. Нәтижесінде Рақышев «Қазкоммерцбанктің» 71,23%-на иелік етеді. Банктің директорлар кеңесінің төрағасы деп сайланды.

2017 жылы жазда банк «Халық Банкінің» еншілес ұйымына айналды. Яғни «Халық Банк» құрамына кірді, дегенмен жеке қаржы ұйымы ретінде жұмысын жалғастыра берді. Сол уақытта «Қазком банкротқа ұшырады» деген жаңалық тарады.

«Халық Банк» төрағасы Үміт Шаяхметованың түсіндіруінше, банкте теріс капиталмен мәселе болған. Қаржы ұйымы банкрот болуы да мүмкін еді. Бірақ Ұлттық Банк «Қазкомға» 400 млрд теңге көлемінде көмек береді.

Ал 2018 жылы «Қазкоммерцбанк» пен «Қазақстан Халық Банк» қосылды. Активі жөнінен Қазақстан банктері арасында үштікке кіретін қаржы ұйымы жұмысын тоқтатты.

Fincraft Resources жаңа дәуірі

Кеңес Рақышев бизнес бастағанда иеленген алғашқы холдинг SAT & Company деп аталған еді. 2018 жылы оны «Fincraft Resources» АҚ деп өзгертеді. Компания бұрынғысынша түсті металдар, алтын өндіру секторындағы жұмысын күшейте түсті. Соңғы жылдары холдинг мұнай-газ секторына да белсенді ене бастады.

Өткен жылы күзде Кеңес Рақышев Fincraft Group арқылы Beineu Petroleum Limited-тің 40% үлесін иеленді. Beineu Petroleum – Маңғыстау өңірінде мұнай орындарын өңдейді. Ал сол жылы қыста Tethys Petroleum Limited-тің акцияларын сатып алып, ондағы үлесін 34,3%-ға жеткізген. Ол – Орталық Азия мен Каспий аймағында мұнай-газ кен орындарын өңдейтін компания.

Рақышев мұнымен тоқтаған жоқ. Ол мұнай-газ секторындағы жобаларын дамыту үшін нарықтан қарыз алуды жоспарлап отыр. Осы жылдың басында «Fincraft Group» ЖШС бір жыл ішінде Қазақстан қор биржасына құны 10 млн доллар болатын бағалы қағаздарын шығарады.

Нарықтан тартқан қаржы инвестициялық жобалар мен компания дамуына, оның ішінде мұнай-газ секторындағы жобаларға жұмсалады», – деп хабарлайды Fincraft Group баспасөз қызметі.

Әсел Тасмағамбетова және қайырымдылық жобалары

Кеңес Рақышевтың әйелі – танымал саясаткер Иманғали Тасмағамбетовтың қызы Әсел Тасмағамбетова. Ашық деректерге сүйенсек, екеуі 20 жаста үйленген. Ерлі-зайыптының екі ұл, екі қызы бар.

Әйелімен бірге Рақышев көптеген қайырымдылық жобаларына, білім, спорт саласындағы шараларға қолдау білдіреді.

  • 2013 жылдан бастап бизнесмендер Кеңес Рақышев пен Вячеслав Кимнің қолдауымен «Сәби» қоры жас кәсіпкерлерге арналған «Өз бизнесіңді құр» байқауын өткізіп келеді. Бұл бағдарлама кәсібін енді бастаған жас бизнесмендерге гранттар бөледі.
  • 2017 жылы «Сәби» қоры Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектептің құрылысын қаржыландырды. Жобаға салынған инвестиция 6 млрд теңгеден асты.
  • 2018 жылдың желтоқсанында Кеңес Рақышев Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті, кейін президенті болып сайланды. Басшылыққа келген жылдары чемпиондар мен жүлдегерлерге АИБА-ның ресми сыйақысына тең мөлшерде қосымша қаржылай сыйлық тағайындады. Бірақ 2024 жылы федерация президенті лауазымынан кетті.
Сондай-ақ оқыңыз