Алматы әкімдігі «Айнабұлақ» базарының иесімен соттасып жатыр. Ол жерде мектеп салынбақшы
!["Айнабұлақ" базарының орнына мектеп салынады](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/rynok-ajnabulak-1024x576.png)
Алматының Жетісу ауданында орналасқан «Айнабұлақ» базарының орнына жаңа мектеп салынады. Бұл туралы Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
«Аудандағы 118 мектептің жүктемесі өте жоғары. Бұл мектеп 1200 оқушыға арналған. Қазір ол жерде 3 мыңнан астам оқушы 3 ауысымда оқып жатыр. Үшінші ауысымда оқитын оқушылар үйге түнгі 10-да келеді. Ауданда жаңа мектеп ашу мәселесін қарастырып жатырсыздар ма?», – деп сұрады тұрғын.
Аудандық білім басқармасы бұл ақпаратты растады. Басқарманың мәліметінше, 118 мектеп 1176 оқушыға арналған. Бірақ қазіргі уақытта бұл жерде 3126 бала оқып жатыр. Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін аудан әкімдігі жер телімін мемлекет қажетіне сатып алу жұмыстарын жүргізген. Жаңа мектепті аудандағы «Айнабұлақ» базары маңындағы жер учаскесіне салу туралы шешім шығарылған. Сол мақсатта базар маңындағы бір жер учаскесі сатып алынған. Ал мектепке қажетті екінші учаскені сатып алуда біраз қиындықтар туындаған.
«Мектеп сатып алуға 45 сотық жер керек. Бір жер учаскесін сатып алдық. Екінші жер учаскесі «Айнабұлақ» базарына тиесілі. Базар иесі әкімдік ұсынған бағаға келіспеді. Сондықтан жер телімін сотпен даулап алу үшін құжаттарды сотқа жіберді», – деді әкімдік өкілі.
Ал Досаев жер сатып алынған соң, бірден жобалау жұмыстары басталатынын жеткізді.
«Қалай сатып аламыз, солай жобалау жұмыстарына кірісеміз. Ауданда жаңа мектеп ашылады», – деді әкім.
Айта кетейік, Үкімет жемқорлар мен байлардан қайтарылған ақшаға Жетісу және Ұлытау облыстарында жаңа мектеп салуды жоспарлап отыр.