Жаңалықтар

Алматы ипподромының иесі Ресей губернаторына не үшін пара беріп келген?

Юрий Судгаймер 2017 жылы Қазақстанда, Швейцарияда, Литва және Германияда компаниясы бар екенін айтқан / shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ерболат Досаевтың қала тұрғындарымен бүгінгі кездесуінде Алматы қаласының Жетісу ауданында орналасқан ипподромды әкімдікке қайтару мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Kursiv.Media басылымы бұл ипподромның кімге тиесілі екенін анықтап, иесі жайлы біраз қызықты деректер тапты.

Ипподромға кім иелік етеді?

Жетісу ауданындағы бұл ипподромның іргетасы 1930 жылы қаланған. Ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге сенсек, ипподром 90-шы жылдары республикалық басқарудан алынып тасталып, иесіз қалған. Ал 2000 жылдары нысан «Жокей-клуб» жылқы өсірушілер қауымдастығына өткен. 8 жылдан кейін қауымдастық тоқырауға ұшырап, нысанды «Тенгри-Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сатып алған.

eGov мәліметтерінде мүлікті сатып алған компанияның тек сол жылы пайда болғаны, ал 2024 жылы қайта тіркеуден өткені жазылған. Онда компания құрылтайшылары ретінде Юрий Александрович Судгаймер және Everest Development ЖШС көрсетілген. Компанияға Ержан Майлыбаев жетекшілік етеді.

Фото: eGov порталынан скриншот
Судгаймер және Ресей губернаторы

Судгаймерді ресейлік басылымдар «тегі неміс қазақстандық кәсіпкер» деп атаған. Кәсіпкер Ресей БАҚ-тарында Киров облысының бұрынғы губернаторы Никита Белыхтың жемқорлыққа қатысты оқиғасынан кейін қатты танылған.

«Неміс текті қазақстандық кәсіпкер Юрий Зуйдхамер (төлқұжаты бойынша Судхаймер) жас кезінен Батыс Еуропаға қоныс аударуды аңсаған. Кеңес үкіметі ыдырамай тұрып, Гамбургке ұшып барып, сол кездегі сұраныстарға сәйкес, импорттық тауарларды елге әкеп сатумен айналысқан. Бұл кәсіпте ол алғашқы капиталын автомобиль көлігіне арналған майлау материалдары мен сүзгі жүйелерін шығаратын компанияға салған», – деп жазады ресейлік басылымдар.

2013 жылы Юрий Судгаймер Ресейдегі екі кәсіпорынға ие болған. Оның бірі «Новятский шаңғы комбинаты» АҚ және орман шаруашылығын басқару компаниясы. Дәл осы кәсіпорындардың жұмысына байланысты кәсіпкер Никита Белыхқа пара берген.

Губернатор кәсіпкердің бизнесіне жағдай жасағаны үшін одан пара алып отырған. Атап айтқанда, 2014-2016 жылдары Судгаймер экс-губарнаторға 250 мың доллар көлемінде пара берген. Қосымша 150 мың доллар ақшаны алуға әркеттенгенде, шенеунікті құзыретті органдар ұстаған.

ФСБ-мен әріптестігі
Ресейдің Киров облысының губернаторы Никита Белых / фото: Евгений Фельдман / «Новая газета

«Новая газета» басылымының хабарлауынша, Белыхтың ұсталуына кәсіпкердің өзі көмектесіп, федералды қауіпсіздік қызметімен бірге жұмыс істеген.

«2017 жылдың 24 маусымында Юрий Судгаймер Lotte Plaza сауда орталығындағы мейрамханада Никита Белыхпен кездесті. Кәсіпкер кездесуге галстук тағып, қол сағатымен келген. Екі аксессуарына да аудио және бейне жазатын құрылғылар орнатылған болатын. Оларды кәсіпкерге ФСБ берген», – деп жазады басылым.

Осыдан кейін федералды қауіпсіздік қызметкерлері губернаторды пара алғаны үшін құрықтаған. Белых өз кінәсын мойындамаған. Бірақ сот 2018 жылы оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Шенеунік түрмеден 2024 жылдың басында шыққан.

Халықаралық іздеу

Сот үкімі шыққан соң, бір жылдан кейін құзырлы орган Юрий Судгаймердің үстінен іс қозғап, халықаралық іздеу жариялайды. Оған билікті асыра пайдаланды деген айып тағылған.Кәсіпкер инвестициялық келісім шеңберінде жеңілдетілген шарттармен орман учаскесін жалға алып, 200 млн рубль көлеміндегі жалдау ақысын төлемей қойған. Жоспар бойынша бизнесмен ол жерде ағаш өңдейтін зауыт салуы керек болған.

Ал 2019 жылдың аяғында Киров қаласының Бірінші Май соты кәсіпкер Юрий Судгаймерге қатысты федералды іздеуді тоқтату туралы шешім шығарған. Бірақ ешқандай ашық деректерде оның халықаралық іздеуден шығарылғаны туралы нақты ақпарат жоқ.

Айта кетейік, Алматы әкімдігі қазір кәсіпкерден ипподромды сатып алуды көздеп отыр. Бірақ Ерболат Досаев бұл жұмыстың «арзанға түспейтінін» айтты.