Жаңалықтар

Бишімбаев түрме басшылығымен соттасып жатыр

бишимбаев
Бишімбаев түрме әкімшілігінің үстінен шағым түсіргенімен, бірінші инстанциялы сотта ұтылған болатын./Фото: facebook.com

Бишімбаев түрме басшылығымен әлі соттасып жатыр. Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген бұрынғы экономика министрі аппеляциялық шағым түсірген.

Орданың хабарлауынша, ол жазасын өтеп жатқан колония әкімшілігінен ынталандыру шараларына қол жеткізуге ұмтылуда.

Нені көздейді?

Экс-министр түрмедегі тәртібі үлгілі болғаны, колонияда өткен шахмат турнирінде бірінші орын алғаны үшін ынталандыру берілуін қалап отыр.

Ол бірінші инстанциялы сотта ұтылған болатын. Экс-министр бұл шешімге шағым түсірмек. Оның атынан адвокаты аппеляциялық шағым түсіргенін айтып отыр.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев түрме басшылығынан ата-анасымен қосымша кездесуге рұқсат алуға ұмтылуда. Экс-министр түрме әкімшілігін біржақты қарайды деп айыптаған еді.

Қарсы тараптың уәжі

Десе де, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Қуандық Бишімбаевтың бір мәрте түрме ережесін бұзғанын, сол себепті де ынталандыру берілмегенін мәлімдеген-ді.

Айта кететін жайт, бұрынғы Ұлттық экономика министрі қазір Степногорск қаласындағы № 5 мекемеде жазасын өтеп жатыр.

Мұның алдында Бишімбаевтың түрмеде жазған шағымы қанағаттандырылмағаны туралы ақпарат берген болатынбыз.