Lifestyle

Әулие Валентин күні: мереке тарихы, салт-дәстүрмен байланысы, қызықты деректер және ғашықтарға арналған бірнеше кеңес

Ғашықтар күні: Әулие Валентин мерекесіне кеңестер
Ғашықтар күні: Әулие Валентин мерекесіне кеңестер / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Әулие Валентин күні көп жылдардан бері ғашықтар асыға күтетін мерекеге айналды. Бұл күні әйелдер қауымы гүлге оранып, мейрамхана біткеннің бәрі ғашықтарға толады. Бұл мерекенің шығу тарихы неден бастау алады? Қай елдерде бұл күнді тойлауға тыйым салынған? Ал қазақстандық ғашықтар әулие Валентин күнін қалай тойлап жүр? Махаббат күнін қалай ерекше өткізуге болады? Осы және өзге де сұрақтарға бүгінгі материалымызда жауап бердік.

Әулие Валентин күнінің тарихы

Валентин туралы түрлі дерек бар бар. Кейбір деректе оның соғыс кезінде ғашықтардың некесін жасырын түрде қиғаны айтылады. Енді бір деректер бойынша, Валентин сол кезде қуғын-сүргінге ұшырап, қамауда отырған христиандарды түрмеден азат етемін деп жазаланған. Сөйтіп ол түрме басшысының қызына ғашық болып, оған «сенің Валентинің» деп алғашқы хатын жазған. Дәл осы хат күні бүгінге дейін ғашықтар арасында «Валентинка» деп аталып кеткен ашық хаттардың бастауы болды. Қалай болса да, ақырында Валентин әрекеті үшін жазаға тартылған. Ал кейінірек Папа Юлий ІІ-інші әйгілі Валентин 14 ақпан күні қаза болғандықтан, оны сол күнгі қасиетті адамдардың қатарына қосқан.

Бүгінде 14 ақпан басым көпшілік үшін керемет мереке. Бұл күні барша ғашықтар махаббат күнін тойлайды. Қызыл раушан гүл, қызыл бау, көгершіндер мен тәтті шоколад – әлдеқашан осы күннің басты символикасына айналды.

Валентин күнін тойлаудың түрлі дәстүр-салты бар

Жылдар өтіп, бұл күнді тойлаудың нақты дәстүрі беки бастады және әлем бойынша әр ел ол ереженің бәрін өз ыңғайына бейімдеп те алған. Алайда ең көп таралған әрі баршаға ортақ бірнеше дәстүр бар:

  • «Валентинка» – ашық хат алмасу, осылайша ғашықтық сезімін білдіру;
  • Гүл, әсіресе, раушан гүлін, шоколад сыйлау;
  • Ғашығыңызбен романтикалық кешкі асқа бару;
  • Үйлену тойын осы күні өткізу;
  • Ғашықтарға арналған, махаббат тақырыбындағы флешмобтар, үлкен іс-шаралар өткізу.

Әр елдің салты басқа демекші, ғасырларға жалғасқан бұл мерекені әр ел өзінше әсерлі етіп тойлайды. Мысалы, Жапонияда әйелдер ерлерге шоколад сыйлайды, ал бір ай өткен соң, яғни 14 наурыз күні ерлер әйелдерге сыйлық береді. Бұл күн «Ақ күн» деп аталады. 

Ал Финляндияда Валентин күні «Ystävänpäivä» деген атаумен танымал, мағынасы – «Достар күні». Бұл күні финляндиялықтар тек романтикалық қарым-қатынасқа емес, достыққа да ерекше көңіл бөледі. Адамдардың барлығы ашық хат, сыйлық алмасып, мерекені бірге тойлауға асығады. 

Ал Италияда бұл мереке ерекше романтикаға толы боп өтеді, тіпті бұл мерекені шырқау шегіне жеткізе тойлайтын бірден-бір ел – осы Италия десек те, жаңылмаспыз. Италиялық ғашықтар бір-бірні хат жазады. Сонымен қатар бұл елдегі Валентин күнінің тағы бір символы – жүрек пен кілттің бейнесінен жаслаған бойтұмарлар. Бұл ғашықтардың бір-біріне деген махаббаты мен адалдығын білдіреді. 14 ақпан күні Италия көшелерінде майшам қойып, ғашықтар күнін атап өту үшін дастархан басына отырмайтын адам кемде-кем.

Оңтүстік Кореяда бұл мереке тіптен ерекше тойланады. Бұл күні әйелдер ерлерге сыйлық береді. Тура Жапониядағыдай бір ай өткен соң, яғни 14 наурыз күні тойланатын «Ақ күн» мерекесінде ерлер әйелдерге жауап ретіндегі сыйлығын табыстайды. Алайда Оңтүстік Кореяда «Ақ күннің» де жалғасы бар. Тура бір ай өткен соң 14 сәуір күні олар «Қара күнді» атап өтеді. Бұл – не Әулие Валентин күні, не «Ақ күнде» сыйлық алмаған, жұбын әлі таппаған адамдар бас қосып, бірге қара кеспе ішетін күн. 14 сәуір Оңтүстік Корея тұрғындары үшін – жалғыздық күні.

ТМД елдері мен Қазақстан әулие Валентин күнін қалай тойлайды?

ТМД елдерінде бұл күн 90-жылдары КСРО тарағаннан кейін тойлана бастады. Ал Қазақстанда бұл мерекеге қатысты күні бүгінге дейін екіұдай көзқарас бар. Тұрғындардың бір тобы бір-біріне сыйлық беріп, романтикалық кеш ұйымдастырып, бұл күнді белсене тойлап, барынша есте қаларлық етіп өткізуге тырысады. Ал тағы бір тобы бұл күні қазақтың салт-дәстүріне, наным-сеніміне, діни көзқарасына сай келмейді деп есептейді. Бұл топ өкілдері ғашықтар күнін 15 сәуір – Қозы Көрпеш-Баян сұлу күнінде тойлайды.

Қазақстанда бұл мерекені халықтың тек жартысы тойласа, Сауд Арабиясы бұл күнді мүлдем атап өтпейді. Өзге де мұсылман елдерінде әулие Валентин күнін тойлауға ресми түрде тыйым салынған.

Әулие Валентин күні бұқаралық мәдениетке қалай әсер етті?

Оқиға желісі Әулие Валентин күніндегі оқиға төңірегінде өрбитін кинотуынды көп, бұл мерекені әнге қосқандар да жетерлік. Жырға қосып, шығарма жазғандар да аз емес. Көптеген романтикалық фильмге осы әулие Валентин күні мерекесі тамаша тұздық болған деуге болады. Мысалы 2010 жылы шыққан «Валентин күні» фильмі көп көрерменнің көңілінен шықты. Ал The Goo Goo Dolls орындауындағы «My Bloody Valentine» әнін білмейтін адам жоқтың қасы. Әнде бақылауға бергісіз асау сезім жайлы, ғашықтық сезімінің адамды қалай өзгертіп жібере алатыны туралы баяндалады. 14 ақпан күні өте жиі шырқалатын тағы бір ғашықтар әні –  Bruno Mars орындайтын «Just the Way You Are».  Бұл – адамды қаз қалпында жақсы көрудің маңызы жайлы жазылған керемет ән. Сондықтан да болса керек, бұл ғашықтардың нағыз хитіне айналды. Махаббатқа, сырлы сезімге толы бұл ән әлі көп жылдар бойы махаббат күнінде шырқалатын тамаша туынды болып қала бермек.

Ғашықтар күніне жұбыңызға не сыйлаймын деп жүрсеңіз…

Тойлаймын деген адамға кез келген күн – мереке. Бастысы, ғашықтар бір-біріне күн сайын сезімін білдіріп, жақсы көретінін, бағалайтынын есіне салып тұрса болғаны. Бірі сезімін жылы сөз арқылы білдірсе, бірі хат жазғанды жақсы көреді. Ал ендібір адамдардың махаббат тілі – сыйлық беру. Қайсыбірі болса да, шын жүректен шыққан әрекет жүрекке жетері анық. Ал біз дәл осы ғашықтар күнінде не сыйлауға болады деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

Қанша жерден дәстүрлі сыйлыққа айналып кетсе де, ешкім бұл күні тамаша гүлдесте, әдемі әшекей бұйым немесе тәтті шоколад алуға қарсы болмайтыны анық. Дәл сол сияқты ерлерге де әмиян, шарф немесе өзге де символикалық сыйлықтар беруге болады. Болмаса, бірге шешім қабылдап, романтикалық саяхатқа аттану да – керемет шешім. 

Фотокітап, есім жазылған арнаулы білезік, ашық хат, бірге романтикалық квестке бару – бәрі-бәрі бұл керемет күнді одан әрі керемет ете түседі.

Бұл күні түрлі концертке баруға да болады. Танымал торындаушылар әлден-ақ 14 ақпанға, тіпті махаббат аптасына арнап мерекелік бағдарлама әзірлеп қойғанына күмән жоқ.

Қайсыбірін таңдасаңыз да, күн соңында романтикалық кеш идеясын ұмыт қалдырмаңыз. Бұл – ашылып әңгімелесіп, қыстың соңғы күндерінің сиқырын сезіне отырып, махаббатты тойлайтын тамаша мүмкіндік. Артынан бірге отырып, романтикалық фильм көру де – тамаша идея.

Әулие Валентин күні – сүйіктіңізді қуантып, тағы бір күнді махаббатқа толы етіп өткізудің бір амалы. Сондықтан осынау әдемі күнді нәзіктікке, жылу мен іңкәр сезімге толы етіп өткізіңіз!Айта кетейік, биыл 14 ақпан жұма күніне түсіп тұр. Жұма кешінен кейін көп адамның бос екенін ескерсек, биыл ғашықтар бұл күн үш күн тойлауы да мүмкін. Дәл осы күндерге арналған іс-шаралар тізімін алдын ала бір шолып, күніңізді қазірден жоспарлауға кеңес береміз.