Lifestyle

Алматыда тренинг ұйымдастырған «Феминита» ұйымының белсенділерін полиция ұстап әкетті

Алматыда Қазақстан ата-аналар одағының төрайымы Бағила Балтабаева «Феминита» ұйымының өткізіп жатқан тренингін болдырмай тастады. Оның барлық қатысушысын заң бұзды деп айыптады. Kursiv LifeStyle қақтығысқа қатысушылармен байланысып, оқиғаның мән-жайын анықтап көрді.

2023 жылдың мамыр айынан бастап феминистер «Адам құқықтары мектебін» ұйымдастырып келеді. Биыл құқықтық мектептің үшінші легі 13 ақпанда басталып, 16 ақпанға дейін жалғасуы тиіс болатын. Осы бағдарлама аясында феминистік ұйымның негізін қалаушылар Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан әйелдерге құқықтық білім беріп, азаматтық құқықтарын қорғауға үйретеді.

«Біз сіздерді Алматыда «Адам құқықтары мектебіне» келуге шақырамыз. Сіздердің келіп-кету жолдарыңызды өтейміз. Бізбен бірге  адам құқықығын қалай қорғауды үйреніңіздер. Біздің негізі фокуысымыз лесбиян, бисексуал, квир және транс әйелдердің құқығын қорғауды үйретеміз. Ең соңында Женеваға баратын, бізбен бірге адвокатция жасайтын құрбыны таңдап аламыз. Бұл 13-16 ақпан аралығында өтеді», – делінген құқық мектебінің үшінші легінің хабарламасында.

Алайда мектептің үшінші легі басталған бойда Бағила Балтабаева мен оның «Қазақстан ата-аналар одағындағы» мүшелері алғашқы сабаққа кедергі жасап, оны тоқтатып тастайды. Олар 25 қатысушы сабақ өтіп жатқан кабинетке баса-көктеп кіріп келген. Наразы топ телефонға видео түсіріп, оқу процесіне кедергі келтірген.

«Сіздер мұны қандай негізде өткізіп жатырсыздар?! Сендер кімсіңдер?!», – дейді Балтабаева.

Видеода тренингті ұйымдастырушылар мен оны өткізуге қарсы болғандар арасындағы келіспеушілікті байқауға болады. Ұйымдастырушылар олардың кетуін талап етсе, Бағила Балтабаева бастаған топ сабақты әрі қарай өткізуге мүмкіндік бермейді.

 «Біз оның әрекетін, ең кемі, бұзақылық пен қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалауымыз керек. Ал біздің адам құқықтары жөніндегі бейбіт дәрістеріміз ешқандай заңбұзушылық емес. Сонымен қатар бізді және ЛГБТ қауымдастығын қорлап отыр. Бұл жолы ол физикалық күш те қолданды – қатысушылардың бірі Ақторғынды қатты итеріп жіберді», – дейді құқық мектебінің оқушысы Балжан.

Біраз уақыттан кейін Бағила Балтабаева оқиға орынына полиция шақырады. Құқық қорғау органдары Жанар Секербаева, Гүлзада Сержан және Ақторғын Ақкенжебаласын ұстап, бөлімшеге алып кетеді.

«Полиция бізді түсініктеме жазуға мәжбүрледі. Сонымен қатар, талап қойды — не қатысушылар жеке куәліктерін көрсетіп, оны суретке түсіруге рұқсат береді, не бөлімшеге баруға тура келеді», – деп бөлісті құқық мектебінің қатысушысы Балжан.

Айта кетейік, Бағила Балтабаева бұған дейін де феминистік шараларды тоқтатпақшы болған. Өткен жылдың қазан айында ол жақтастарымен бірге «Лесбийлер құрылтайына» кедергі жасаған болатын. «Феминита» өкілдері болса полицияға қоңырау шалған. Құқық қорғау қызметкерлері екі ұйымның өкілдерін де ұстап әкетіп, шараға қатысушылардың жеке мәліметтерін жинаған.